Экология

Еділ Жаңбыршин: 17 жылдан кейін еліміздің көп өңірі сусыз қалуы мүмкін

Судың да сұрауы ба. Кейінгі жылдары елімізде су шығыны 48 пайызға өскен. Соңғы жылдары шығынның ұдайы өсуінің негізгі себептерін Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин Мәжіліс отырысында оқыған баяндамасында жіпке тізді.

ЕДІЛ ЖАҢБЫРШИН, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы:

– Бұл жөнінде Мемлекет басшысы: «2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 15 млрд текше метрге жетуі мүмкін», – деп айтты. Аталған дефициттік сан қазір елімізде алынатын су қорының 60 пайызын құрап отыр. Болашақта су тапшылығы болса, 17 жылдан кейін еліміздің көп өңірі сусыз қалуы әбден мүмкін.

“Жағдай қазірдің өзінде мәз емес”,- дейді Еділ Жаңбыршин. Елдегі өндірістер мен ауыл шарушылығы – су шығынының басты көздері. Әлемнің басым бөлігінде қолданылатын тамшылатып суару әдісі де елде жоқтың қасы. Игерілетін жерлерлің тек 14 пайызында ғана су үнемдеу технологиялары қолданылады.

ЕДІЛ ЖАҢБЫРШИН, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы:

– Жасыратыны жоқ, су мәселесі – еліміздің ең әлсіз тұсы. Өйткені, біз трансшекаралық су ресурстарына өте тәуелді әрі шөлейтті мемлекетпіз. Сарапшылардың бағалауы бойынша, Қазақстан жылына табиғаттан 25 млрд текше метр су ресурстарын алады. Оның 21 миллиарды тұтынуға кетсе, қалған 4 млрд су шығынданып, далаға кетіп жатыр. Өкініштісі, соңғы жылдары су шығындары 48 пайызға өскен. Бұл өте қауіпті жағдай.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев суды үнемдеу идеологиясын ұлттық идеяға айналдыруды қолға алу керек деп ұтымды ой білдірген болатын. Сондай-ақ, су тапшылығын шешу үшін арнайы 20 жаңа бөген салу мен 3,5 мың шақырымдық каналды жаңғыртуды тапсырды.

 

Ақжүніс Мұқатай