ТКШҚоғам

Жаңа үйдегілердің жанайқайы

Бұл – Жамбыл көшесінде орналасқан №11-ші үйдің жертөлесі. 16-шы желтоқсан күні мұнда суық су құбыры жарылған. Тұрғындар бірден апаттық қызметке қоңырау шалып, көмек сұрапты. Мамандар өтінішті аяқсыз қалдырмаған. Олар тіршілік көзінің басым бөлігін сорып алыпты.

ЖӘНІБЕК АХМЕТЖАНОВ, «Жамбыл,11» ПИК төрағасы:

– Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне және құрылыс бөліміне хабарластым. Олар «Основание» серіктестігінің өкілін шақырды. Келді, қарады, сонымен шектелді. Мердігер орын алған жайтқа бізді кінәлі санап отыр. Ал біз қарама-қайшы пікірдеміз. Менде барлық болттардың қолмен бұралатындығын дәлелдейтін видео мен фотосуреттер бар. Осы сапасыз жұмыстың кесірінен сүйектен өтер суықта жарықсыз, сусыз қалдық.

Төрағаның айтуынша, апаттан кейін жертөледегі кейбір жабдықтарды ауыстыру қажет. Бұған тұрғындар құлықсыз. Олар мердігерден өзінің кепілдік міндеттемелерін орындауын талап етіп отыр. Айтпақшы, көпқабатты үйдің жертөлесін бұған дейін де су басыпты.

ЖӘНІБЕК АХМЕТЖАНОВ, «Жамбыл,11» ПИК төрағасы:

– Нас топит, потому что у нас нет дренажа, талые воды к нам заходят.

Елді елең еткізген жаңа үй жайлы аз-кем ақпарат берейік. Бұл нысан халық игілігіне 2022 жылдың мамыр айында тапсырылды. 100-ден астам отбасы арманға қол жеткізді. Алайда, көп ұзамай тұрғындардан маза қашты. Ғимараттың жанындағы аумақ абаттандырылуы тиіс еді. Жұмыс уәде күйінде қалды. Өрт датчиктері де қосылмады. Қызылжарлықтар қапалы.

НАДЕЖДА ЖАҚЫПОВА, қала тұрғыны:

– Осы үйге көшіп келгелі мәселеден басымыз арылмай қойды. Жертөлені жөнге келтіруге болады ғой?!

Тұрғындар «Основание» серіктестігі қол ұшын созады деген үмітте. Алайда, бұл үй 2020-ның желтоқсанында тапсырылған. Кепілдік мерзімі аяқталыпты. Бірақ, Сергей Тимофеев тұрғындардың базынасын назарсыз қалдырмақ емес.

СЕРГЕЙ ТИМОФЕЕВ, «Основание» ЖШС директоры:

– Тұрғындар біз салған үйде 2 жыл тұрғанына қарамастан, әлі сантехник маман жоқ. Бұл жерде халық та жауапкершілікті сезіну керек. Иә, мәселелер болады. Егер дер кезінде бақылау жүргізілсе, уақытында алдын алу жұмыстары басталса, мұндай үлкен проблема туындамас еді. Жоғарғы қабатта орналасқан подъездегі батарей де қатып қалыпты. Жаңасын қою бойынша тапсырма бердім. Біз көмектен бас тартпаймыз. Қолдан келгенше жәрдем беруге дайынбыз.

Директордың тапсырмасы бойынша серіктестік мамандары жертөледе де болыпты. Тексере келе, “Жабдықтарды кептіру керек деген” шешімге келген. Яғни, жаңасын алудың қажеті жоқ. Сергей Тимофеев шатырдың жай-күйі мен пәтерлердегі төмен температураға қатысты да шағымдарға түсініктеме берді.

СЕРГЕЙ ТИМОФЕЕВ, «Основание» ЖШС директоры:

– Бәрі біздің климатқа байланысты. Суық, ыстық, жел. Осылардың әсерінен шатыр аздап жылжиды, сызаттар пайда болады. Біздің мамандар шағым түскен жағдайда бірден барып, олқылықты жояды. Ал төмен температураға келсек, жылу аз мөлшерде беріліп жатыр. Бұл мәселе бойынша бізге емес, энергетиктерге жүгінген абзал.

Жертөлесін су басқан, шатырынан жаңбыр өтіп, жел кірген және аз көлемде жылу берілетін үйдің тұрғындары көп ұзамай мәселенің шешілетіндігіне сенеді.

 

Байболат Құлтанов