Облыс орталығында белсенді деген 35 мемлекеттік қызметші марапатталды. Бұл жандар үнемі мұқтаж адамдарға қол ұшын созудан аянбайды. Соның бірі – Әсел Балташ.
Нәзікжанды 3 жылдан бері волонтерлік қызметпен айналысады. Жолдасымен бірге аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға жәрдемдесіп тұрады.
ӘСЕЛ БАЛТАШ, қалалық әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған соты басшысының міндетін атқарушысы:
– Отбасыларға ақшамен де, азық-түлікпен де көмектесеміз. Жаңа жылдық шараларға міндетті түрде қатысамыз. Өзіміз бір отбасыға жыл сайын тұрақты түрде жәрдемдесіп тұрамыз. Ерлі зайыпты 6 бала тәрбиелеп отыр. Жаңа жыл қарсаңында сыйлықпен барып, балаларды бір қуантқанға не жетсін?!
Биыл мамыр айынан бастап Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаментінде еріктілер кеңесі жұмыс істейді. Оған
облыстық атқарушы органдар мен аумақтық бөлімшелердің басшылары мүшелік етеді. Мемлекеттік қызметшілер жыл басынан бері 600-ге жуық қайырымдылық акциясын өткізіп, 900-ден астам зейнеткер мен жалғызбасты жанға көмек көрсеткен.
ДУЛАТ ТАЙШАБАЙ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:
– Экология департаментімен, волонтерлермен бірлесіп бірқатар шара атқардық. Білім басқармасымен бірлесіп балаларға арналған шаралар атқарылды. “Мектепке жол” акциясы өткізілді. Қазіргі уақытта 15 мемлекеттік қызметші донор болып табылады.
Жалпы, облыс бойынша волонтерлік қызметтері үшін департаменттің алғыс хатымен 46 мемлекеттік қызметші марапатталды.
Гүлден Сембаева