Петропавлда Тәуелсіздік күніне орай әуесқой хоккейшілер арасында турнир ұйымдастырылды. Жарыстың ашлыу салтанаты Винокуров атындағы спорт сарайында өтті. Барлығы – 8 команда қатысуда. Басым бөлігі аудандардан келген. Командалардың бірі – “Динамо”.
ТАЛҒАТ ӘБІЛОВ, «Динамо» құрамасының капитаны:
– “Динамо” командасы полиция қызметкерлерінен құралған. Хоккей бағытында шұғылданып жүргенімізге 3 жылдан асты. Винокуров спорт сарайында апта сайын жаттығамыз. Командамыздың жеңіске деген ынтасы жоғары.
Ойынды Қызылжар ауданының спортшылары мен “Динамо” командасы бастады. Кездесу бірден тартысты өрбіді. Қақпаларына шайба өткізбес үшін екі жақ бар күштерін салуда. 1-ші периодтың 13-ші минутында қызылжарлықтар ұпай еншіледі. Бұл – дәстүрлі жарыстың бірінші туры болып саналады.
ВИКТОР БЕСТИК, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы:
– Өңірімізде хоккейден әуесқой спорт жақсы дамып келеді. Жаңа спорт нысандары салынып, хоккей корттары ашылуда. Осы ретте биыл Шал ақын, Тайынша, Ақжар аудандарында құрылыс жұмыстары жүргізілді. Келер жылға да жоспарланған жұмыс көп.
Сонымен, Қызылжар ауданы командасының бүгін айы оңынан туды. Олар “Динамо” командасын 9:1 есебімен ойсырата ұтты. Кубоктың жеңімпазы наурыз айында анықталады. Оған дейін ойыншылар арасында тартысты кездесулер легі өтеді.
Мәдина Қаби