Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі жылыжай кешенінде болды

Аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавлдағы заманауи жылыжай кешенінде болды. Мұндағылар өткен аптаның басынан қияр жинап жатыр. Содан бері 25 тонна өнім алыныпты. Қыстыгүні жайқалған жасыл аумаққа «Зелёный север» серіктестігі жауапты. Кәсіпорын директоры облыс әкіміне өндіріс барысын баян етті.

Жылыжайдан бір күнде бірнеше тонна қияр жиналатындықтан мамандар сағаттап бел жазбай тер төгеді. Мұнда ерлер де, әйелдер де еңбек етеді. Алайда, дәл жиым-терім жұмысында жүргендердің дені – өсімдік атаулығы жақын нәзікжандылар.

НАТАЛЬЯ ФОШТЕР, «Зелёный север» ЖШС көкөніс өсірушісі:

– Не училась нигде, просто увидела объявление, что ведётся набор, пришла. Мне нравится, тяжело, конечно, но, что-то новенькое для себя.

Жұмыс бұдан да ауыр болар еді. Жылыжай кешені заманауи деген теңеуге ие. Яғни, бұл жердегі істің басым бөлігі технология арқылы тындырылады.

БАҚЫТ СӘКЕНҰЛЫ, «Зелёный север» ЖШС агрономы:

– Бұл жерде бәрі автоматтандырылған. Суару жүйесі, климат бақылау өздігімен жүзеге асады. Адам тек механикалық жұмыспен айналысады.

7,2 млрд теңге құйылып, 3,7 гектар жерде тұрғызылған жылыжай кешені алдағы уақытта кеңейеді. Келесі жылы тағы бір корпус тұрғызылмақ. Онда өнімнің өзге түрі өсіріледі.

Келесі жылы мұнда қызанақ өсіру де қолға алынады. Тиісінше, кешен толық өндіріске кіріседі. Әңгіме барысында жоспар бастан-аяқ жіпке тізілді. Айтпақшы, қазір қызылжарлық қиярды жылыжайдан немесе шаһардағы сауда орындарынан сатып алуға болады. Құны қалта қақпайды. Тілдесу соңында аймақ басшысы серістіктік өкілдеріне сәттілік тіледі!

 

Байболат Құлтанов