Білім

Студенттер мен оқушылар “Мозгобойня” ойынында білім жарыстырды

Назарбаев Зияткерлік мектебінде Тәуелсіздік күні мен теңгенің 30 жылдығына арналып «Мозгобойня” атты танымдық-зияткерлік ойын ұйымдастырылды. Ойынды өткізудегі мақсат – өскелең ұрпақтың қаржылық сауаттылығын арттыру. Яғни, сұрақтар да теңге төңірегінде болды. Білім жарысына 150-ге жуық оқушы мен студент қатысты. Команда саны көп. Басты талап – әрқайсысысында 7 адамнан көп болмауы керек.

Бұл – М.Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейінің командасы.
Білімді жастар жақсы дайындықпен келген.

ЖАНСҰЛУ ӘБІЛТАЕВА, М.Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейінің оқушысы:

– Біз теңге жайында интернетті көп ақтардық. Түрлі мәлімет оқып-тоқып келдік. Кез келген сұраққа сенімді түрде жауап бере аламыз. Тыңғылықты дайындалғанымыз соншалық, мектептен тыс уақытта ЗУМ-ға шығып, келуі мүмкін сұрақтарды қызу талқыладық.

«БЭСТ» мектеп-гимназиясының оқушылары “Біз есепке жақсымыз”,- дейді. Неге? Өйткені, математика бағытында өткен халықаралық олимпиадаға қатысып келген. Орын жағы белгісіз, дегенмен теңгені теңгеге қосуда алдарына жан салмайды.

ДИЛЬНАЗ БЕКТҰРОВА, «БЭСТ» мектеп-гимназиясының оқушысы:

– Жарыста түгел мектеп намысын қорғайтындықтан өкілдері ретінде бізге зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Дайындық барысында мұғалімдеріміз ақылшы болды. Жеңімпаз атануға тырысып бағамыз. Түрлі деңгейдегі жарыстарға жиі қатысатындықтан сайыс талаптарын орындауға әбден машықтанып алғанбыз.

Ойын 7 кезеңнен тұрады. Әр кезеңде 100 секунд ішінде 7 сұрақ қойылады. Ең көп ұпай жинаған команда жеңімпаз атанады.
Ұлттық банктің жергілікті филиалының директоры Диас Мэлстің айтуынша осындай шаралар балалардың қаржылық сауаттылығын арттыруға ықпал етеді.

ДИАС МЭЛС, ҚР Ұлттық банкі СҚФ ДИРЕКТОРЫ:

– Қазір әр адам қаржы жағынан сауатты болуы қажет. Бұл – заман талабы. Қоғамда алаяқтар жиі кездеседі, қаншама адам алданып қалып жатыр. Бұл – қаржылық сауатсыздықтың салдары. Осы орайда білімді ұрпақ қалыптастыру үшін танымдық-зияткерлік шараларға да баса мән берген жөн.

Сонымен, 21 команда қатысқан білім жарысында Ә.Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған гимназия-интернатының командасы үздік деп танылды. НЗМ командасы – 2-ші, 8-ші мектептің оқушылары 3-ші орын иеленді.

 

Мәдина Қаби