Құқық қорғау органдары

Прокуратура қабырғасында кәсіпкерлердің құқығын қорғау жайлы айтылды

Облыстық прокуратура қабырғасында кәсіпкерлердің құқығын қорғау жайлы айтылды. Қазіргі таңда өңір аумағында іскер жандардың мәселелерін жедел шешу жөніндегі мобильдік топтар жұмыс істейді. Оларға жыл басынан бері 80 шағым түсіпті.

ӘМІР РАХИМОВ, СҚО прокуратурасының басқарма прокуроры:

– Нәтижесінде 7 бұзушылық анықталды. 35 жағдайда кәсіпкерлерге түсініктеме берілді. 8 қадағалау актісі енгізілді. 14 адам тәртіптік және 2 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты «А.П. Никишин» жеке кәсіпкерлігіне қатысты қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды. Мамандарымыз жер учаскесін сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы аудандық соттың шешіміне наразылық та білдірді. Нәтижесінде аумақ жеке кәсіпкерге қайтарылды.

“Келісіп пішкен тон келте болмас” дегендей, бірлескен істе нәтиже бар. Бұл кәсіпкерлердің одан әрі дамуына жол ашады. Қоса кетейік, қазір облыстық прокуратурада арнайы фронт-кеңсе де жұмыс істейді. Олар аймақтағы инвестициялық жобаларды сүйемелдеумен айналысады.

ӘМІР РАХИМОВ, СҚО прокуратурасының басқарма прокуроры:

– Прокурорлық ден қою шараларынан кейін өңір аумағында 190 млрд теңгеден астам сомаға жобаларды іске асыруды жоспарлап отырған бірнеше инвестордың мәселесі шешілді. Мысалы, қазір шаһарда түрік инвесторы көпсалалы аурухана салып жатыр. Құрыс жұмыстары кезінде ол электр энергиясына қосылу проблемасына тап болған. Мамандардың араласуының арқасында қалталы азамат баламалы электр желілеріне қосылды.

Жалпы сандарды сөйлетейік. Қадағалаушы орган өкілдері облыста 2200-ден астам кәсіпкердің құқығын қорғапты. Нәтижесінде 1 млрд теңгеден астам қаражат орнына келтірілген. Сонымен қатар, 14 адам жауапкершіліктің бірнеше түріне тартылған.

 

Байболат Құлтанов