Осы жылы елді мекендердегі жергілікті маңызы бар жолдар мен көшелерді ретке келтіруге 38 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Оның 20 млрд-ы жергілікті желіні дамытуға жұмсалған. Жөнделген жолдың жалпы көлемі 700 шақырымды құрайды.
МАҚСАТ БАЯХМЕТ – СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
– Облыс орталығында ұзындығы 58 шақырымды құрайтын 47 көше жөнделіп, оған 8,8 млрд теңге бөлінді. Ленинградское-Дауыт, Саумалкөл-Новоишимское, Рождественка-Архангелька-Покровка учаскелерінде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.
Биыл облыстың жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуге, қайта жаңартуға республикалық бюджеттен 12 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Соның 94%-ы игерілген.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Туристік аймақтағы жолдарды дамытуға қосымша қаражат бөлінуде. Облыс орталығында Есіл өзені арқылы өтетін көпір құрылысы басталмақ. 2024 жылы Жезқазған-Петропавл жолының Сергеевка қаласы және Дружба елді мекені арасындағы учаскесін жөндеуге қаражат бөлінеді. Көкшетау-Омбы жолының учаскесін қаржыландырамыз.
Сондай-ақ, Ғауез Нұрмұхамбетов жауапты ведомство басшыларына 2024 жылдың жазында жол жөндеу жұмыстарына алдын ала дайындалу қажет екенін ескертті.