Кеше Сенаттың қаржы және бюджет комитетінің отырысында жалпыға бірдей декларацияны тапсыру мәселесі талқыға салынды. Еске сала кетейік, 2021 жылғы 1 қаңтарынан бастап елімізде кезең-кезеңімен жалпыға бірдей декларация енгізілген болатын. Ондағы негізгі міндет – әділ салық салуды қамтамасыз ету, жеке тұлғалардың кірісін бақылау және сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендету. Аталмыш құжат енгізілген жылы мемлекеттік қызметшілерден құрылған 580 мың адам есеп тапсырыпты.
ЕРЖАН БІРЖАНОВ, ҚР қаржы вице-министрі:
– Екінші кезеңде биыл мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері, сондай-ақ, олардың жұбайлары – шамамен 2,1 млн адам. Үшінші кезеңде 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап декларацияны заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ, олардың жұбайлары тапсырады. Олардың жалпы саны 3,9 млн деп жоспарлап отырмыз.
2025 жылдың 1 қаңтардан бастап декларацияны жеке құрылымдардың қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы жандар, студенттер және тағы басқалары ұсынулары керек.
Барлығы “кіріс” декларациясын тапсыруы керек. Бұған зейнеткерлер де, студенттер де кіреді. Біздің болжамға сәйкес, төртінші кезеңде 6,5 млн-нан аса адам есеп береді. Жалпыға бірдей декларацияны жалпы 13 млн адам тапсыруы керек. Мысалы, 2026 немесе 2027 жылдары зейнеткер тек зейнетақы алса, кәсіпкерлік қызметпен айналыспаса, онда декларацияны тапсырмау мүмкіндігін қарастырамыз. Осылайша, одан деректерді автоматты түрде аламыз. Алайда, бірінші декларацияны барлығы тапсыруы керек.
Декларацияны бірінші рет ұсынбағаны үшін ескерту, ал бір жылдың ішінде қайталап бұзғаны үшін 15 АЕК көлемінде айыппұл салу көзделген. Есепті “Салық төлеушінің кабинеті”, “Электронды үкімет” веб-порталдары, e-salyqАzamat және бірнеше банктің мобильді қосымшалары арқылы беруге болады. Азаматтардың 99 пайызға жуығы декларацияны осыған дейін электронды түрде тапсырған.
Ақжүніс Мұқатай