Қоғам

Аманаттықтардың алғашқы облыстық форумы өтті

Петропавлда «AMANAT» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының І облыстық форумы өтті. Ауқымды жиын шымылдығын жергілікті филиалдың атқарушы хатшысы Жеңіс Асанов ашып, аймақ басшысының орынбасары Қанат Дүзелбаевқа сөз берді. Мінберге шыққан атқамінер өңірдің дамуына қысқаша тоқталды.

ҚАНАТ ДҮЗЕЛБАЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:

– 11 айдың қорытындысы бойынша экономика тұрақты дамып келеді. Өнеркәсіпте өсім – 113 пайыз, құрылыста – 127 пайыз, тұрғын үйді пайдалануға беруде – 135 пайыз, инвестиция тартуда 122 пайызды құрады.

Қанат Дүзелбаев мұны бекерден-бекер тілге тиек еткен жоқ. Өңір бірліктің арқасында алға жылжып келеді. Жалғыздың шаңы шықпайтынын ұғынған аманаттықтар да бұған сүбелі үлес қосуда. Партия Президент бастамаларына сай және өз алдына маңызды салалар қамтылған бірнеше жоба әзірледі. Соның бірі пайдаға жаратылмай жатқан жерлерді қайтаруға негізделген. Биыл облыста 220 мыңнан астам жер мемлекет меншігіне өтіпті. Осылайша, жоспар 67 пайызға орындалған.

ҚАНАТ ДҮЗЕЛБАЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:

– «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасы да өзін жақсы қырынан көрсетті. Азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған бастама аясында 4,6 мыңнан аса адам арнайы оқытудан өтті. Бұл аз көрсеткіш емес. Жобаның тиімділігін мемлекет басшысы да атап өтіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырды.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, аққайыңдар өлкесінде аз жұмыс атқарылмады. Дегенмен, мұнымен тоқтауға болмайды. Аймақ өзгерісті, жаңаруды әлі де қалайды. Бұл бағытта «AMANAT» партиясы атынан сайлауға түсіп, Парламент Мәжілісінің депутаты атанған Еркебұлан Мамбетов қол қусырып отырған жоқ. Халық қалаулысы облысқа тезірек газ жеткізу жолында тер төгіп жүр.

ЕРКЕБҰЛАН МАМБЕТОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Өңірге газ жеткізудің екі нұсқасы бар. Біріншісі – отандық газ. Екіншісі – ресейлік газ. Мен бұл мәселені көтердім. Үкімет ағымдағы жылдың соңына дейін бір нұсқаны таңдайды.

Халық қалаулысының тағы бір қалауы – жерлестерінің 100 пайыз таза ауыз сумен қамтылғаны. Азамат келісі жылдың басында бұл іске білек сыбана кіріспек.

ЕРКЕБҰЛАН МАМБЕТОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Келер жылдың ақпанында ауыз сумен қамтылмаған ауылдарға тіршілік көзін жеткізуге қажет қаражат көлемі белгілі болады. Соны білгеннен кейін мен құзырлы органдарға жүгінемін.

Аманаттықтардың мақсаты айқын. Форум соңында қатысушылар елді одан әрі дамыту жолындағы жұмыстарды саралап, тың ұсыныстар білдірді.

 

Байболат Құлтанов