Қоғам

Тұғырлы тәуелсіздік

Еліміздің тәуелсіздік алғанына 32 жыл толып отыр. Тәуелсіздік алғанға дейін еліміз зобалаң жылдарды басынан өткерді.
Қазір қыран құстай алға қойған мақсат-межеміз бар, сол жолда еркіндіктің құндылығын өскелең ұрпаққа түсіндіріп отыру да парыз.

Бүгін облыстық кітапханада тәуелсіздікке арналған жиын өтті. Құрметті қонақтың бірі – Тілек Әбдірахманов. Еңбек ардагері кезінде 40 жыл бойы байланыс саласында қызмет еткен. Қарияның айтуынша тәуелсіздік елімізге мол игілік берді. Қазір Қазақстан қарыштап дамып келеді.

ТІЛЕК ӘБДІРАХМАНОВ, еңбек ардагері:

– Шетелдегі, бүкіл дүниежүзіндегі халық қазақ мемлекеті бар екенін таныды. Сол уақыттан бері көп нәрсе өзгерді. Шаруалардың бәрі өзіміздің елді басқарып отырған азаматтарымыздың айтуымен, шешімімен атқарылып жатыр. Бұрын әрбір іске, жоғары жаққа бет бұрып, мойын ұсынатынбыз, тәуелді болатынбыз. Бізге рұқсат бере ме, бермей ме, шет мемлекетке шығуға бола ма, болмай ма? 32 жылдың ішінде еліміз жақсы жаққа өзгерді.

Жиында қарттар да, жастар да өз ойларын ортаға салып, еркіндік тақырыбы аясында пікір алмасты. Ерлан Бекен жергілікті университетте оқиды. Қытайдан келген. Қазақстанның әрбір азаматы патриот болуы керек дейді.

ЕРЛАН БЕКЕН, М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:

– Тәуелсіздік жалпы қазақ халқы үшін қасиетті. Егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болу бізге оңайға соққан жоқ. Осы тақырыпта ашып жеткізу мақсатында өлең оқитын боламын.

ҚАЙЫРЖАН МӘЛІКОВА, С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың бөлім басшысы:

– Тәуелсіздікке ғасырлар бойы бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қасық қаны қалғанша күресіп, қол жеткізгендіктен әрбір қазастандық үшін бұл мерекенің маңызы ерекше деп білемін. Жыл сайын осы мерекенің мәні мен маңызы туралы, тәуелсіздіктің халқымыз үшін қалай келгенін, әсіресе, жас ұрпақ үшін айтудан жалыққан емеспіз.

“Мен жастарға сенемін!” деп Мағжан атамыз бекер айтып кетпеген.
Жиында айтылған сөздің тобықтай түйіні – Қазақстанның әрбір азаматы өз еліне адал болуы керек, жастары ұлтжанды болуы қажет.

 

Мәдина Қаби