Облыстық мәслихат қабырғасында 2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы жиын өтті. Жиын барысында облыстық қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышкант үш жылдық бюджеттік жоспар аясында қай салаға қанша қаржы бағытталатындығына тоқталды.
НАТАЛЬЯ ДЫШКАНТ, СҚО қаржы басқармасының басшысы:
– 2024-ші жылы білім саласына 148 млрд теңге бөлінеді. Денсаулық сақтау жүйесіне 9 млрд теңге қарастырылады. Мәдениет саласына 5 млрд теңге құйылады. 2024 жылға арналған «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 5 нысанды күрделі жөндеуден өткізуге 659 млн теңге бөлінбек. Спорт саласына 1 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр.
Наталья Дышкант баяндамасын оқып болғаннан кейін жиынға қатысушылар сұрақтарын қойды. Осы ретте қаржыны үлестірудің тиімділігі туралы сөз қозғалды. Мәселе Оқушылар сарайына қатысты.
Жиында облыстық және аудандық маңыздағы жолдар жайлы айтылды. Алдағы уақытта бұл мақсатқа 17 млрд теңгеден астам қаржы бөлінбек. Ауылішілік жолдарды оңдауға 667 млн теңге қарастырылмақ. Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында елді мекендердің әлеуметтік және инженерлік инфақұрылымын дамытуға 5 млрд теңгеден астам қаржы бағытталады. Оның 2 млрд-тан астамы Кішкенекөлдегі 250 орындық емхана құрылысына арналған. Талшықта 1 млрд теңгеге жылу желілері салынады екен. Тимирязев ауданында қазандық құрылады. Осы орайда айта кетейік, келесі жылы ауылдық жерде жұмыс істейтін жас мамандарды жан-жақты қолдауға 1 млрд 142 млн теңге қарастырылып отыр. Бұл – 136 адамға арналған сома.
Гүлден Сембаева