Бүгінде Мамлют ауданының Покровка атты ауылында отар-отар мал бағып, шаруасын домалатып отырған кәсіпкерлердің саны артуда. Өлкенің өркендеуіне елеулі үлес қосып жүргендердің ішінде Марат Қарабалаев та бар. Азамат осы күзде “Ауыл аманаты” бағдарламасы арқылы 2,5 пайыз мөлшерлемемен 8 млн 400 мың теңге несие алыпты. Қазір қорасындағы 200 бас қойды іске асырып отыр.
МАРАТ ҚАРАБАЛАЕВ, Покровка ауылының тұрғыны, Мамлют ауданы:
– Бұл жақтың суық ауа райына қой шаруашылығы жақсы келеді. Себебі, қой суыққа төзімді. Осы оймен бастаған кәсібімді қазір дөңгелетіп жатырмын. Бұл – отбасылық кәсіп. Үлкен ағам көмектеседі. Азық жағына келсем шөпті өзіміз шауып, дайындаймыз. 480 гектар жайылым жеріміз бар. Жем-шөп барлығын сол жерден дайындап аламыз.
Өзбекстан елінен теріскейге 2005 жылы қоныс аударған азаматтың мал шаруашылығымен айналысып келе жатқанына 10 жылдың көлемі болыпты. Бұған дейін тепсе темір үзер “Кәсіпкерлік” бағдарламасы арқылы 6 пайыздық несие алып, қара мал өсірген. Сол кезде мүмкіндікті пайдаланып малға азық дайындауға трактор да сатып алған екен. Кәсіпкердің қазіргі мақсаты – қойдың басын көбейтіп, кәсібін кеңейту.
МАРАТ ҚАРАБАЛАЕВ, Покровка ауылының тұрғыны, Мамлют ауданы:
– Енді биылғы қыста төлді аман-есен түгел алып алатын болсақ, 300-ден асырамын деген ой бар. Қазір төлдеп бастап жатыр. Әзірге, барлығы ойдағыдай. Күйлері де жақсы.
Аталмыш бағдарлама аясында Диар Өмірзақов та кәсібін ширатып отыр. Шымкент қаласының тумасы өңірімізге 2019 жылы көшіп келіпті. Келе сала сауынды сиыр шаруашылығын қолға алған. Кәсібін одан әрі кеңейту үшін жуырда ауылдасы сияқты 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 8 млн 600 мың теңге несие алыпты.
ДИАР ӨМІРЗАҚОВ, Покровка ауылының тұрғыны,Мамлют ауданы:
– Биыл “Ауыл аманаты” бағдарламасы несие береміз деген соң өтініш білдіргем. Жағдайыммен бөлісіп, малды көбейтем деген мақсатымды айтқан болатынмын. Сосын несие алуға құжат жинадық. Тез уақытта болды, бір айдың шамасында дайын болды.
Диар Өмірзақов осындай халыққа ыңғайлы бағдарламалардың саны артса екен деген тілекте.
ДИАР ӨМІРЗАҚОВ, Покровка ауылының тұрғыны, Мамлют ауданы:
– Жем-шөп – барлығын сатып аламын. Қазір барлығы қымбат. Сондықтан, осы бағдарлама арқылы тағы несие алып техника алғым келеді. Мал азығын өзім орып, жинайтындай. Енді малдың санын тағы 10-15 басқа көбейту ойда бар.
Жалпы, биыл “Ауыл аманаты” бағдардамасы арқылы Мамлют ауданының 7 кәсіпкері 2,5 пайыздық несие алған. Оның жалпы сомасы 48,2 млн теңгені құрайды.
Ақжүніс Мұқатай