Өңірде аудан басшыларының журналистер алдындағы есептік кездесуі өз мәресіне жетті. Қорытынды брифинг Мағжан Жұмабаев ауданының әкімі Қайрат Омаровтың қатысымен өтті. Биыл жұмабаевтық диқандар біраз тер төккен. Олар 69 млрд теңгенің өнімін өндіруге сүбелі үлес қосыпты. Айтпақшы, бұл көрсеткіш жыл соңына дейін біршама артпақ.
ҚАЙРАТ ОМАРОВ, М.Жұмабаев ауданының әкімі:
– Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 2023 жылға күтілетін көлемі – 93,3 млрд теңге. Қолайсыз ауа райына қарамастан, 415 мың тонна дәнді дақылдар жиналды. Ал майлы дақылдардың көлемі 40,5 мың тоннаны құрады.
Тарихы бай әрі шекарада орналасқан ауданның жолы жақсы болуы тиіс. Аудан әкімінің сөзінше, бұл бағытта жылда ауқымды жұмыс атқарылады. Биыл біршама шақырымда оң өзгеріс орын алыпты.
ҚАЙРАТ ОМАРОВ, М.Жұмабаев ауданының әкімі:
– Ағымдағы жылы автомобиль жолдарын жөндеуге 3,6 млрд теңге бөлінді. Біз 12 км «Булаево-Чистое» республикалық жол учаскесіне жөндеу жүргіздік. 2024 жылы жұмыстар «Қарақоға» өткізу пунктіне дейін жалғасады, ал бұл – тағы 12 шақырымға жуық.
Биылғы жұмыстың нәтижесінде ауданда жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автомобиль жолдарының үлесі 78 пайызға жетіпті. Халықты баспанамен қамту – күн тәртібіндегі мәселе. Алдағы уақытта ауданда қоныс тойын тойлауға себеп табылмақ.
ҚАЙРАТ ОМАРОВ, М.Жұмабаев ауданының әкімі:
– Тұрғын үй құрылысы саласында биыл 9,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 3 қабатты 45 пәтерлі несие үйінің құрылысын бүгінгі таңда аяқтаймыз. Бұл – «Отбасы банкі» бағдарламасы. Тұрғын үй құны 1 шаршы метр үшін 160 мыңнан аспайды.
Ауданда өткір тұрған мәселенің бірі – дәрігер жетіспеушілігі. Баяндамасында Қайрат Омаров бұған назар аударылғанын айтты. Сұрақ-жауап сессиясында жұмабаевтықтар тарапынан онлайн режимде сауал түспеді. Осыған қарағанда ағайынды алаңдатар проблема жоқ сияқты.
Байболат Құлтанов