Мына видеоның желіде желдей ескеніне бірнеше күн болды.
Шал ақын ауданының тұрғындары әбігерге салған бөтен жылқылардың иесін іздеп әлек. Жылқы саны аз емес. Белоглинка ауылына бас сұққан 400 бас тұрғындардың қысқа деп жинаған шөбін түртіп жеп, қоршауларын бұзып, әбден берекелерін қашырыпты. Қуса кетпейді дейді. Ауылдық округ әкімі мен учаскелік полицей жағдайдан хабардар. Бірақ, әзірге нәтиже жоқ. Ауыл тұрғындары жем-шөбін бөтен малдан күні-түні қорыған. Үйір жылқы ақыры арнайы шашпаға қамалды. Иесі әлі іздестіріліп жатыр.
БАЯН БАЙҒАСКИНА, СҚО ПД ЖПҚБ аға инспекторы:
– Осыдан кейін полиция қызметкерлері мен ауыл тұрғындарының күшімен 400 бас жылқы уақытша ұстау орнына қамалған. Иесі анықталғанша сол жерде болады.
Үйір жылқының иесі табыла салысымен әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Оған 30 АЕК көлемінде айыппұл салынады дейді тәртіп сақшылары. Жалпы, биыл облыста малдың қараусыз жүруіне қатысты 3 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталған. Айыпты тұлғалар жазаға тартылыпты.
БАЯН БАЙҒАСКИНА, СҚО ПД ЖПҚБ аға инспекторы:
– Жыл басынан бері 3442 ауыл шаруашылығы жануарларының иесі әкімшілік жауапкершілкке тартылған және 13 585 жануар иесі анықталғанша уақытша ұстау орнына қамалған.
Қаңғырған мал жолға шығып кетсе қауіпке айналады. Өйткені, жолда жүйткіп келе жатқан жүргізушінің алдынан төрт аяқты шыға қалса көлігін тоқтатып үлгермейді. Оның соңы қалай болары айтпаса да түсінікті. Облыста жыл басынан бері жануарлардың қатысуымен 22 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның екеуінде 2 адам зардап шекті.
Мәдина Қаби