Қоғам

1 қаңтардан бастап Қазақстанда балалардың есепшотына ақша аударылады

Алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарлама іске қосылады. Оның аясында ұл-қыздардың есепшотына ақша аударылып отырмақ. Президент өткен айда тиісті заңға қол қойды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді.

Бұл – әрбір қазақстандықты қуантар жоба. Қазір жер-жерде тың бастама бойынша талқылау жүріп жатыр. Соның бірі облыстық Мемлекеттік кірістер Департаменті қабырғасында онлайн режимде өтті.

РИНАТ МУСИН, СҚО бойынша қазынашылық департаменті басшысының орынбасары:

– Мемлекет басшысы Ұлттық қордан балаларға қаражат бөлуді жүктеді. Осы тапсырманы іске асыру аясында бүгін Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков Петропавл тұрғындарымен онлайн кездесу өткізуде. Шараға мемлекеттік органдардың қызметкерлері, зейнеткерлер, бюджеттік ұйымдардың өкілдері қатысуда.

Кездесу барысында жобаның ерекшеліктері мен артықшылықтары түсіндірілді. Қатысушылар негізгі спикерлерге сұрақтар қойып, тұшымды жауап алды.

Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда кәмелеттік жасқа толмаған 7 миллионға жуық ұл-қыз бар. Көпшіліктің көкейінде “18 жылдың ішінде қанша ақша жиналады?” деген сауал туындауы мүмкін. Болжам бойынша жинақталған қаржы 3,5 мың АҚШ долларына жуықтайды.

 

Гүлден Сембаева