Ауыл шаруашылығы

Университет оқытушысы мал терісінен таптырмас протеин алмақ

Осыдан бірнеше ай бұрын өңірімізде бірегей жобаларды гранттық қаржыландыруға арналған конкурс өтті. Нәтижесі мәлім. Қазылар алқасының шешімі бойынша Қозыбаев университетінің оқытушысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандитаты Ақан Жүнісов пен
“СК Протеин” серіктестігінің бірлескен жұмысы үздік деп танылды. Бүгін қара шаңырақ қабырғасында жобаның тұсауы кесіліп отыр. Оның пайдасы болашақта зор болмақ.

АҚАН ЖҮНІСОВ, жоба авторы:

– Елімізде, оның ішінде астықты өлке – Солтүстік Қазақстанда ақуыздың жеткіліксіздігі байқалады. Бұл – дүниежүзіндегі мәселе. Әлем бойынша жетіспеу көрсеткіші 20 пайызды құрайды. Осы мәселені біржақты ету үшін малдың терілерін өңдеп, жоғары ақуызды ешқандай қоспасыз ұнтақтау арқылы аламыз.

Жобаны жүзеге асыру үшін 350 млн теңге бөлініп отыр. Бастама алдағы 4-5 жылда нәтиже бермек. Тұсаукесер шараға өңіріміздің зиялы қауым өкілдері де қатысты. Оқу ордасының профессоры Жанар Таласпаева маңызды жұмыс еліміздің экономикасына өз үлесін қосады деген сенімде.

ЖАНАР ТАЛАСПАЕВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ профессоры:

– Протеин өндірісті оң жолға қояды, аяғына тұрғызады. Соның нәтижесінде бұл өнім барша Қазақстанның ірі қалаларына да таратылады деп күтілуде. Ғылыми технология мен ғылыми зерттеу жұмыстарының негізінде өнімді өндіру көлемі біртіндеп артпақ. Жылына 7 мың тонна қоспа өндіруді мақсат етіп отырмыз.

Бүгінгі күні жоба аясындағы жұмыс Бескөл ауылындағы құс фабрикасында қарқынды жүріп жатыр. Бұл жерде әдетте қалдыққа тасталатын 200 келіге жуық мал терісі бар. Оларды 5 адам өндіріске дайындауда. Қазіргі істің негізгі мақсаты – бір жүйеге келтірілген зауыт салып, автоманттандырылған жұмысқа көшу.

АҚАН ЖҮНІСОВ, жоба авторы:

– Өздеріңіз көргендей, жұмыс шикі теріден басталады. Сол теріне жүннен арылтып, кептіріп, ұнтақтап, 130 градус қысымда өңдейміз. Содан кейін ұнтақтап, дайын күйінде мал-құсқа қоспа ретінде береміз. Бұл өте қымбат нәрсе.

Дайын болған қоспа құсқа 3-5 немесе 7 грамм, ал қара малға 15-20 грамм шамасында ғана беріледі. Нәтижесінде қанаттылар мен тұяқтылар тез өседі.

АҚАН ЖҮНІСОВ, жоба авторы:

– Бұл қоспаны малға бергеннен кейін рационының құрамында ақуыз пайда болады. Ақуыз физиологиялық, биохимиялық өсуге әкеледі. Осы – негізгі пайдасы. Біздің білуімізше, мұндай жоба елде жоқ. Өңірімізде алғаш іске асырылуда.

Жобаның басы-қасында жүрген жандар алдағы уақытта мамандардың санын арттырып, Бескөлде 30-дан астам жаңа жұмыс орнын құруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, Қазақстанның ірі қалаларында да осындай өндіріс ошағын ашу ойда бар.

 

Ақжүніс Мұқатай