ҚР Конституциясы қай жылы қабылданды? Елордаға Астана атауы қашан берілді? Бүгін С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхана қабырғасында Тәуелсіздік күніне арналған викториналық ойын ұйымдыстырылды. Оған қаламыздағы Гуманитарлық техникалық-колледж студенттері белсене қатысты. Шара барысында қыз-жігіттер тарихқа, қоғамдық-саяси өмірге қатысты бірсыпыра сұраққа жауап берді. Көңілді әрі пайдалы кездесу соңында білгірлігімен танылған жастарға диплом мен естелік сыйлық ретінде кітап табысталды.
ҚАЙЫРЖАН МӘЛІКОВА, С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың бөлім жетекшісі:
– Жастардың Тәуелсіздік туралы біраз ақпарат білетініне көзім жетті. Болашақ – жастардың қолында! Осы Тәуелсіздікті уысымыздан шығарып алмас үшін тарихымыздың өткеніне көз жүгіртіп отыру қажет. Тәуелсіздік үшін ата-бабамыз күресті. Бұл мерекенің құндылығы зор.
РОМАН КАЙЗЕР, Гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті:
– Қазақстанның тарихын әр азамат білуі тиіс. Менің бір байқағаным, күрделі сұрақтардың жауабы осындай ойындар кезінде есте қалады. Әрі біразға дейін ұмытылмайды. Бүгінгідей шаралар жиі ұйымдастырылып отырса екен деймін. Өте қызықты өтті. Келесі жолы қуана-қуана қатысатын едім.
Гүлден Сембаева