Денсаулық сақтау

СҚО-да 12 адамды үсік шалған

Қыстың қытымыр мінезінен сақтанған жөн! Мұны кейбір жандар елемейді. Соның салдарынан ауруханадан бірақ-ақ шығады. Желтоқсан айы басталғалы бері қаладағы жарақат зардабын емдеу пунктіне үсік шалған 12 адам түскен. 4 тұлғаның құжаттары болмай шығыпты. Яғни, мамандар үйсіз жандарға көмек көрсеткен.

ЕКАТЕРИНА БЕЛОУСОВА, қалалық көпбейінді жедел жәрдем ауруханасының баспасөз хатшысы:

– Адамдар өздерін үсік шалып жатқанын бірден түсіне қоймайды. Осыны білу керек. Үсік дененің қызуымен, ашуымен басталады. Осы сәтті назарсыз қалдыруға болмайды. Бірден әрекет ету керек. Әйтпеген жағдайда өкініштен өзек өрттенуі мүмкін.

Халық арасында үсіктің алдын алудың бірнеше жолы айтылады. Соның бірі – белгілі бір жерді қармен ысқылау. Алайда, денсаулық сақтау саласы өкілдері бұған үзілді-кесілді қарсы. Олар бұл әдіс жағдайды одан әрі ушықтырады деп санайды. Ең тиімді амал – дененің үсік шалған бөлігін матамен орап, жылы суға салу.

ЕКАТЕРИНА БЕЛОУСОВА, қалалық көпбейінді жедел жәрдем ауруханасының баспасөз хатшысы:

– Ауруханаға жүгінген науқастардың ішінде ауыл тұрғындары да, қала тұрғындары да бар. Кейбірінің көліктері сынып, біраз уақыт далада қалып қойған. Біреуі жоғалған жылқыларын іздеуге шықса, енді бірі төмен температурада балық аулауға барыпты. Мамандарымыз жұртшылықты қатты аязда және боранда алыс жолға шықпауға шақырады.

Осы орайда тұрғындармен тілдестік. Олар қауіпсіздік ережелерін қаншалықты біледі екен?

– Тоңған жағдайда жүру керек, қимылдау қажет. Бір орында тұрсаң, тоңа бересің.

– Ең бастысы аяқты жылы ұстау қажет. Аяқ киімнің кеңірек болғаны дұрыс. Жылы киінбесек, осындай суықта үсіп қалуға болады.

– Дала өте суық. Аяз ешкімді аяп жатқан жоқ. Осыны бәріміз біліп, қауіпсіздікті басты назарда ұстау керек.

Жалпы, желтоқсан айында қаладағы жарақат зардабын емдеу пунктіне 306 науқас жүгінген.

 

Мәдина Қаби