Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовті қабылдады. Тілдесу барысында Президентке аққайыңдар өлкесінің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берілді. Биыл өңірдің шаруалары қиындықтарға қарамастан 3,7 миллион тонна астық жинады. Қазір аймақта 13 сүт фермасының құрылысы жүріп жатыр. Оның алтауы жыл соңына дейін іске қосылады. Аграрлық секторда сомасы 80 миллиард теңге болатын 27 жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде 1000 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бұл облыс халқының құс етіне, сүт өнімдеріне, көкөністерге деген қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал өнеркәсіп саласында құны 469 миллиард теңге болатын 39 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл – 6 мың жаңа жұмыс орны. Биыл 15 бастама іске қосылады. Ғауез Нұрмұхамбетовтің айтуынша, жаңа нысандар салу арқылы 25 ауыл сумен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, кешенді блок-модульдер орнату арқылы 149 ауылға және топтық құбыр жобалары есебінен 46 ауылға тіршілік көзі беріледі. Сонымен қатар, Президентке «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Петропавл қаласында 4 оқу ұясы салынатыны жөнінде айтылды. Қазіргі уақытта мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектеп құрылысы жүргізіліп жатыр. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде 46 медициналық мекеме іске қосылады. Оның сегізі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Облыс орталығында екі емхана салынды. Ал Уәлиханов ауданында емхана құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, облыс әкімі өңірдегі жылыту маусымы қалыпты режимде өтіп жатқанын жеткізді. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев облысты одан әрі дамыту және халықтың өзекті мәселелерін шешу жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Байболат Құлтанов