Биыл еліміздегі Назарбаев Зияткерлік мектептерінің ашылғанына – 15 жыл. Осынау айтулы мерейтойдың шеңберінде оқу ұясының ұстаздары арасында республикалық “Қос аңыз” дебат турнирі ұйымдастырылды. Шараға еліміздің түрлі өңірлерінен 12 команда қатысты. Дебатшы мұғалімдер білім беру саласындағы және қоғамдағы өзекті мәселелерді ортаға салып, қызу пікірталас ұйымдастырды.
БАҚЫТЖАН ТҰРСЫНОВ, Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі, Петропавл:
– Ұстаздардың арасында тәжірибе алмасудың маңызы өте зор. Өйткені, бұл қозғалыс оқушылардың ортасында кеңінен танымал. Ортақ тақырыптарды, шәкірттерге нені үйрету керектігін, ұтымды тұстары қандай екенін айтып-көрсету үшін ұстаздарды жидық. Екіншіден, мұғалімдердің ораторлық шеберліктерін шыңдау үшін алғаш рет осы “Қос аңыз” пікірсайыс турнирін ұйымдастырдық.
Екі күн бойы Астана, Павлодар, Ұлытау, Семей, Қостанай Көкшетау өңірлерінен келген білікті мұғалімдер білім беру саласында жеткен жетістерін айтып, тәжірибелерімен бөлісті. Семейлік Данияр Кемешев дебатпен студенттік кезден айналысып келеді. “Қағида” пікірсайыс клубына жетекшілік ететін маман Петропавлда біраз тәжірибе жинағанын айтады.
ДАНИЯР КЕМЕШЕВ, Назарбаев Зияткерлік мектебінің тарих мұғалімі, Семей:
– Мұғалімдер арасында да пікірсайыс турнирлері өтсе екен деп бұрыннан армандайтынбыз. Сол арманымыз Петропавлда жүзеге асқанына қуаныштымыз. Оқушыларды осындай сайыстарға әзірлейтін мұғалімдердің өздерінде сайыстың форматы жайлы түсінік болуы керек, сыни ойлай алуы керек.
Ал Ұлытау облысының Қарсақбай кентіндегі тірек мектебінде тарих пәнінен сабақ беретін Дархан Есенбаев алғаш рет пікір додасына түсіп отыр. Білім саласына 4 жыл бұрын келген маман алдағы уақытта дебаттық қабілетін шыңдай түспекші.
ДАРХАН ЕСЕНБАЕВ, №15 тірек мектебінің тарих мұғалімі, Ұлытау облысы:
– Небір мықты мамандар келген екен. Бұрын өзім дебатқа аса қызыға қоймайтынмын. Бүгін қызу дебатты көріп, бір сәуле ғайыптан пайда болды. Енді сол сәуленің жетегінде жүріп, ұлт болашағын тәрбиелесек деген ниетіміз бар.
Сайыс соңында тапқырлығымен көзге түскен мықтылар марапатталды. Маңызды пікір, ұтымды ұсыныс білдірген қостанайлық командалар 1-ші және 2-ші орынды еншіледі. Ал павлодарлық топ 3-ші орынға тұрақтады.
Ақжүніс Мұқатай