Инженерлер, операторлар, участке шеберлері және тағы да басқалар. Бұлардың барлығы облыстық қазақ сазды-драма театрына М.Киров атындағы зауыттың 95 жылдық мерейтойына орай жиналып отыр. Жұмысшыларды тарихи датамен өңір басшысының атынан оның орынбасары Рүстем Құрманов құттықтады.
РҮСТЕМ ҚҰРМАНОВ, СҚО әкімінің орынбасары:
– Бір ғасырға жуық тарихы бар кәсіпорынның қызметі табысты болды. Зауыттың ең басты капиталы – адамдары. Жұмысшылардың арқасында кәсіпорын үлкен жетістіктерге жетіп, технологиялық тұрғыда дамып келеді. Мерейтой құтты болсын!
Зауыт заманауи талапқа негізделген бағдарламаларға қатысып, қолдан келгенше дамуда. Бүгінде тегеурінді өнеркәсіп орны арнайы байланыс құралдарын, цифрлық теледидарларды, теміржол автоматикасын, телемеханика мен қауіпсіздік жүйелерін шығарады.
ДИДАР ТАСЫБЕК, “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ бас директорының бірінші орынбасары:
– Жылдың соңына дейінгі жоспарды айтатын болсақ, 13,2 млрд теңгенің тауарын өндіріп, тиісті мекемелерге жеткіземіз. Құзырлы мемлекеттік органдарға, атап айтқанда, Қорғаныс министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне және “ҚазМұнайГаз” компанияларына тиісті заттарын шығарып жатырмыз.
Салтанатты шара кезегі марапаттау рәсіміне де келді. Дүбірлі мерейтойдың шеңберінде 500-дей сала маманы сый-құрметке бөленді. Солардың арасында 18 жасынан тер төккен Мария Зенченко да бар. 31 жыл бел жазбай еңбек еткен азаматшаның зауытқа қосқан сүбелі үлесі еленбей қалмады.
МАРИЯ ЗЕНЧЕНКО, “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ ардагері:
– Мен бұл зауытқа келгенде жап-жас қыз едім. Өзім 3 оқу орнын аяқтадым. Алғашында бөлім бастығының орынбасары болдым. Кейін 20 жасымда шебер қылып тағайындады. Сол кезде қатты таңқалғанмын. Мені бас инженердің орынбасары “Темір Маша” деп атайтын. Кәсіпорын білікті маман қылып шығарды. Жастар еңбек етсін. Еңбектің наны тәтті.
Александра Давлетгиреева – кезекті буынының өкілі. Электрлік қаптау операторы зауытқа 2004 жылы орналасыпты. Тек қолдың күшімен еңбек еткен нәзікжандының жұмысы 16 жылы ғана жартылай автоматтандырылған негізге көшірілген.
АЛЕКСАНДРА ДАВЛЕТГИРЕЕВА, “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ операторы:
– Қолдың жұмысы болғандықтан біраз қиналдық. Уақыт өте келе барлығы өзгерді. Сәйкесінше, жұмыс барысы да жеңілдей түсті. Зауыт – менің екінші үйім, ал мұндағылар – менің екінші отбасым. Осы жерде жүріп, отбасы құрғандар да бар. Әріптестеріме, зауытқа алғыстан басқа айтарым жоқ.
Бүгінде С.М.Киров атындағы зауытта 465 адам жұмыс істейді. Айта кетейік, кәсіпорын басшылығы қатарларын толықтыру үшін жаңа мамандар іздеуде.
Ақжүніс Мұқатай