Қоғам

Петропавлда есірткі сататын ана ұсталды

Петропавлда есірткі сататын ана ұсталды. Ол зиянды затты сатып қана қоймай, өзі тұратын жатақханада қабылдауға рұқсат берген. Төртінші сыныпта оқитын қыз бала тәрбиелеп отырған нәзікжандының ісін полиция қызметкерлеріне көршілерінің бірі хабарлапты.

ҚАНАТ ФАЗЫЛОВ, Петропавл қалалық ПБ есірткі қылмысына қарсы іс-бөлімінің аға жедел уәкілі:

– Тұратын жерін тінту кезінде «Тұз» деп аталатын есірткі заты салынған 4 түйіншек табылды. Әйел адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның іс-әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы, яғни “Есірткі заттарын өткізу” бойынша сараланады.

Күдікті – 47 жаста. Қызы әжесіне жіберілді. Жақын арада зейнеткер немересін өз қамқорлығына заңды түрде алмақ.

РАИСА ХРОМЕНКО, ПИК төрайымы:

– Көршімнің есірткі сатқанын жеке өзім көрмедім. Бірақ, өзге көршілерімнің айтқаны расталды. Әлдебіреулердің оның бөлмесіне кіріп-шығып жатқаны жайлы бейнежазбалар жіберетін. Қазір өзіміз тұратын қабат тынышталып қалды.

Күдікті 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Статистикалық дерек ұсынсақ, соңғы 11 айдың ішінде облыста есірткі өткізудің 104 фактісі тіркелген.

 

Мәдина Қаби