Қоғам

Әдеп жөніндегі кеңесте төрт мәселе қаралды

Петропавлда әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде – 4 мәселе. Биыл облыста мемлекеттік қызметкерлерді көтермелеу және үстемақы тағайындау ісінде 2 заң бұзушылық орын алыпты. Соның бірі Мамлют ауданында тіркелген.

ДАРХАН ЕРМЕКОВ, ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің бас маманы:

– Мамлют ауданының әкімі аппаратының басшысы шектен тыс үстемақы алғаны белгілі болды. Сома оның жалақысының 30 пайызына сәйкес келмейтіні анықталды. Профилактикалық бақылау жұмыстарының нәтижелері бойынша артық ақша жергілікті бюджет қорына кері қайтарылды.

Сондай-ақ, кеңесте әлеуметтік кепілдіктерді сақтау мәселесі де талқыланды. Өңірде кейбір мемлекеттік органдар еңбек демалысына шыққан қызметкерлеріне ақша аудармаған және іссапар шығындарын дұрыс төлемеген. Яғни, 7 миллион теңгеден аса қаржы тиісті мақсатта жұмсалмаған.

ӘСЕМГҮЛ БЕГАЛИНА, ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің бас маманы:

– Талдау 362 жергілікті атқарушы мемлекеттік орган мен орталық мемлекеттік органдардың 112 бөлімшесін қамтыды. 2023 жылдың 9 айында жүргізілген талдау барысында мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын бұзудың 436 фактісі анықталды. Сондай-ақ, іссапар шығындарын төлеуге қатысты 163 бұзушылық тіркелді.

Бүгінгі күні бұл бұзушылық жойылыпты. Мемлекеттік органдар тиісті соманы толық көлемде өтеген екен. Келесі жылы әдеп жөніндегі кеңестің 7 отырысы өтпек. Онда 23 мәселені қарау жоспарланып отыр.

 

Ақжүніс Мұқатай