Мәдениет

«S’avancer» би мектебінің оқушылары әлем чемпионатында қола жүлде еншіледі

Солтүстікқазақстандық бишілер әлемді бағындыруды жалғастыруда. Осыдан 10 жыл бұрын құрылған “S’avancer” хореографиялық би мектебі тағы бір белесті бағындырды. Қыркүйек айында ұжым мүшелері Кирилл Новиков пен Ярослава Кузнецова Азия чемпионатында үшінші орын еншілеген еді. Бұл жетістік қайталанды. Бірақ, осы жолы өнерпаздарға әлем біріншілігінде қола медаль бұйырды.

КИРИЛЛ НОВИКОВ, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азияның екі дүркін чемпионы:

– Ярослава екеуміздің жұп болып өнер көрсетіп жүргенімізге 7 жыл болды. Менің 20 жылдық, ал әріптесімнің 15 жылдық тәжірибесі бар. Жарыстан кейін бізді жаттықтырушылар мен төрешілер шақырды. Олар білген-түйгендерімен бөлісті, сәттілік тіледі. Бұның өзі біз үшін жетістік деп санаймыз.

Бұнымен қоймай, өнерпаздар желтоқсан айының басында бас қалада тұңғыш рет ұйымдастырылған “Asian grand prix 2023” додасында да бақ сынады. Сайысқа 23 елдің мықтылары қатысыпты. Біздің таланттар қауымға 5 бірдей би ұсынған екен.

ЮЛИЯ ШИРИНА, “S’avancer” хореография мектебінің жетекшісі:

– Біз халықаралық жарыстарға, әсіресе азиялық турнирлерге баруды 5 жыл күттік. Өйткені, бұл – ерекше атмосфера, тәжірибе мен өзінді көрсетуге керемет мүмкіндік. Мұндай ауқымды жарыстардың қатысушыларға ғана емес, жаттықтырушыларға да берері мол деп ойлаймын.

Желтоқсан айының соңында талай додада атой салған Кирилл мен Ярослава Гонконгта өтетін Азия чемпионатына қатысады. Қоса кетейік, бүгінде таланттардың ордасы саналатын мектепте 150-ге жуық жас тәлім алады.

Ақжүніс Мұқатай