Қоғам

Петропавлдың ойын-сауық мекемелерінде құқық бұзушылық көбейген

Қалалық әкімдік қабырғасында жиын өтіп, шаһардағы ойын-сауық мекемелерінде құқық бұзушылық көбейгені айтылды. Прокуратура өкілдерінің сөзінше, Петропавлда күні-түні жұмыс істейтін орындар бар. Басым бөлігінде ішімдік сатылады. Көп жағдайда осы шайтан судың кесірінен адамдар заңның ала жібінен аттайды. Бұл арнайы талдау кезінде анықталыпты.

АЗАМАТ ЖҮСІПОВ, Петропавл қалалық прокуратурасы тергеу бөлімінің бастығы:

– Биыл 28 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қалада 700-ге жуық адамның алкогольдік өнімдерді сатуға лицензиясы бар. Біз мониторинг жүргіздік. Сол кезде бұрын лицензиясынан айырылып, бертін келе оны қайтадан алған тұлғалардың құқық бұзушылықтарға жол бергені анықталды.

САЙРАН ХАМЗИН, СҚО рестораторлары мен отельерлері қауымдастығының төрағасы:

– Олар тек ақша табу үшін жұмыс істейді. Пандемия кәсіпкерлік саласына ауыр соққы болып тиді. Бүгінде әріптестерімнің барлығы бірдей сауда немесе қызмет көрсету нүктесін ашып, жөндеу жүргізіп, жоғары деңгейдегі бизнеспен айналыса алмайды. Осы себептен кемшіліктер бар. Бұны да түсіну керек.

Сайран Хамзин тұтас бизнес өкілдері атынан сөйледі. Дегенмен, сала мән беруді қажет етеді. Прокуратура өкілінің айтуынша, бүгінде қаладағы 20-дан астам дәмханада бейнебақылау құралдары жоқ. Бұл – бірден-бір кемшілік. Жиын қатысушылары тағы да кездеспек ниетте. Оған түнгі уақытта жиі құқық бұзушылық тіркелетін мекемелдердің басшылары шақырылады.

 

Гүлден Сембаева