Sailau banner

Қоғам

Петропавл қаласының әкімі журналистермен жүздесті

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

– Өткен жылмен салыстырғанда қалалық бюджет 13,8 млрд теңгеге артты.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев бой көрсетті. Баяндаманың басы сандардан тұрды. Шаһар басшысы экономикалық өсімді барынша қамтыды.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

– 10 айда барлық экономикалық көрсеткіштер бойынша өсім қамтамасыз етілді. Ең үлкен үлес өндіру өнеркәсібіне тиесілі. Оның көлемі 289,2 млрд теңгені құрады.

Петропавлда жаңа үйлердің саны артып келеді. Жақында “Береке” ықшам ауданында 6 баспана әлеуметтік осал топ өкілдеріне тапсырылды. Көп ұзамай интернетте “Бұл көзбояушылық”, “Тұрғын жайлардың екеуі ғана берілді” деген әңгіме жүрді. Тілшілермен тілдесу барысында қала әкімі Серік Мұхамедиев туындаған осы жайтқа қатысты ой білдірді.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

– Қазіргі таңда тұрғын үй комиссиясы жұмыс істеп жатыр. Мамандарымыз пәтер иелерін анықтауда. Іс кезең-кезеңмен жүргізіледі. Жоспар бойынша жылдың соңына дейін кезекте тұрған жандардың барлығы баспаналарына кіреді. Келесі жылы үйлердің маңы абаттандырылады.

Қызылжарды кез-келген жан одан әрі құлпырта алады. Егер қалталы азамат ақша бөлсе, жергілікті билік шағын саябақ жасауға дайын. Ескерер жайт, демалыс орнына қаржы құйған жан атау беру мүмкіндігін иеленеді. Жылу желілері, жол жөндеу, халықты жұмыспен қамту, қоқыс шығару. Баспасөз алаңында бірсыпыра дүние айтылды.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

– Ағымдағы жылдың мамыр айында қоқыс шығару бойынша тариф көтерілді. Алайда, мен жұмыста айтарлықтай өзгеріс көрген жоқпын. Бұл – өткір тұрған мәселенің бірі. Жауапсыз кәсіпкерлер айыппұлпен жазаланды. Егер жағдай түзелмесе, алдағы уақытта жаза жиілейтін болады. Болашақта іске жаңа компаниялар тартылуы мүмкін.

Сұрақ-жауап сессиясында қала әкіміне бір-екі сауал қойылды. Журналистерді балабақша мәселесі қызықтырады. Ендігі жылы “Берекеде” мектепке дейінді мекеме ашылмақ. Мұндай нысан болашақта “Жас өркен” ықшам ауданында да пайда болады.

 

Байболат Құлтанов