Қыс қаһарына мінді. Өңірде күндіз ауа температурасы минус 30-дың үстінде болғанымен, түнде 40-тан асып жығылады. Осыған байланысты мектептерде сабақ тоқтатылды. Жолдарда бақылау күшейтілді. Аймақтағы трассаларда жылыту қосындары бой көтерген.
ӘСЕТ ШАЙКИН, СҚО ТЖД бөлім бастығының уақытша міндетін атқарушы:
– Қысқы кезеңді қауіпсіз жағдайда өткізу үшін мыңнан астам арнайы техника әзірленген. Сондай-ақ, 14 мобильді іздестіру тобы құрылды. Қыс басталғалы тас жолда 20 төтенше жағдай тіркелді. Ешкім зардап шеккен жоқ. Барлық адамға тиісті көмек көрсетілді.
Мынандай суықта жер үйлердегі пеш сөнбейді. Бұл өртке алып келуі мүмкін. Күні кеше ғана облыста 7 бірдей төтенше жағдай тіркелген. Өкінішке қарай, 4 баспана отқа ораныпты. Қазір 1 адам ауыр жағдайда жатыр.
НАЗЫМБЕК ЕЛЕМЕСОВ, қалалық ТЖБ бастығы:
– Тұрғын үй секторында қауіпсіздік ережесін сақтамаудан өрт болады. Пешті қатты жағуға болмайды. “Қазгидромет” деректері бойынша облыс аумағында желтоқсанның 7-сі мен 10-ы аралығында ауа температурасы -40 градусқа дейін төмендейді.
Мамандар тұрғындарды абай болуға шақырады. Ал егер қандай да бір төтенше жағдай орын алса, 101 немесе 112 нөміріне қоңырау шалуды сұрайды.
Гүлден Сембаева