Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының форумы өтті. 200-дей жанның басын біріктірген ауқымды жиынның шымылдығы жергілікті өнерпаздардың биімен ашылды.
Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы өңір аумағындағы түрлі қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысады. Мысалы, жыл басынан бері бұл ұйым 300-ге жуық жиын өткізіпті. Оларға 20 мың адам қатысқан. “Urpaq” қазақ мәдени-ағарту орталығының төрайымы Гүлбақша Мұсабаева бүгінгі форумның негізгі мақсатына тоқталды.
ГҮЛБАҚША МҰСАБАЕВА, “Urpaq” қазақ мәдени-ағарту орталығының төрайымы:
– Бүгінгі шараның негізгі мақсаты – біздің этномәдени орталықтардың төрағаларын және әртүрлі бағытта белсенді жұмыс істеп, ерекше үлес қосып жүрген жандарды марапаттау. Біздің шаңыраққа кіретін бірнеше құрылым да бар. Олар: ғылыми-сарапшылар тобы, медиация кабинеті, журналистер тобы, қайырымдылықпен айналысатын топ та бар.
Дәстүрлі түрде өтетін форумда бірнеше адам марапатталды. Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасы орынбасарының Алғыс хаты Диляра Хасановаға табысталды. Азаматша түрлі шараның басы-қасында жүр. Олардың арасында қайырымдылық жиындары да бар.
ДИЛЯРА ХАСАНОВА, “Түрік мәдениеті” ҚБ төрағасының орынбасары:
– Ассамблея менің көз алдымда құрылды. Ол кезде мен әкім аппаратында еңбек етіп жүрген едім. Зейнетке шыққаннан кейін “Түрік мәдениеті” қоғамдық бірлестігінде жұмыс істеуге шақырту алдым. Міне, содан 17 жыл өте шығыпты. Әртүрлі іс-шара өткіздік. Осы жылдың өзінде ауқымды 8 жиын ұйымдастырылды.
Форумда 50-ге жуық адам құрметке бөленді. Ассамблея мүшелері БАҚ өкілдерімен де тығыз байланыста. Жиын барысында қатысушыларға
жыл ішінде жарық көрген сюжеттер көрсетілді.
Ақжүніс Мұқатай