Әр бала елді құрметтей білуі тиіс. Бұл бағытта өңір мектептерінде құрылған әскери-патриоттық клубтар жұмыс істейді. Бүгін осы ұйым өкілдері жылды қорытындылады. Шарада бірсыпыра жан қошеметке бөленді.
ЕРМЕК НАУРАЗБАЕВ, Смирнов мектеп-гимназиясының АӘД пәні мұғалімі, Аққайың ауданы:
– Өткен жылы Өнер колледжінде жұмыс істедім. Еңбегім үшін осы алғыс хатты алып отырмын. Біз 2023 жылы әскери-патриоттық іс-шараға қатыстық. Өнер колледжімен 2-ші және 3-ші орын алдық.
Балалар кинодағы кейіпкерлерден емес, ортамызда жүрген аға буын өкілдерінен үлгі алуы тиіс. Қорытынды шараға арнайы шақырылған Ауған соғысының ардагерлері қатысты.
ҚАЛИОЛЛА САУЫТБЕКОВ, СҚО қарулы күштер ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Біз әскер қатарында өз міндеттерін орындаған және Ауған соғысында, Семей полигонында, Чернобыль апатында қызмет атқарған әскери адамдарды мадақтау, насихаттау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
Өскелең ұрпақ аға буынның сенімін ақтайтыны анық. Биыл теріскейлік балалар бірсыпыра жарыстарға қатысыпты. Көрсеткен нәтижелері жаман емес.
ҚАНАТ СӘДУАҚАС, СҚО спорт, дене шынықтыру және АӘД өңірлік оқу-әдістемелік орталығының директоры:
– Облыс көлемінде 30-дан астам шара өткізілді. Сонымен қатар, облысымыздың командасы республикалық қысқы “Қалқан-2023” спартакиадасының чемпионы атанды.
Жалпы, қазір өңірімізде 368 оқу орнында алғашқы әскери дайындық сабағы жүргізіледі. Балаларға 360-тан астам педагог білім беруде.
Мәдина Қаби