СҚО әкімдігі

9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні

Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні 2004 жылдан бастап жыл сайын 9 желтоқсанда атап өтіледі. Бүгінгі таңда жемқорлық замануи қоғамның өзекті мәселесіне айналып отыр. Солтүстік Қазақстан облысы сыбайлас жемқорлық деңгейі төмен өңірлер қатарына еніп отыр. Бұл аталмыш бағыттағы жұмыс тиімді атқарылып жатыр деген сөз.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Әрбір қазақстандықта жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру қажет. Пару беру мен алу – қоғамда қабылданбай айыпталу керек. Жалпы, барлығымыз әлеуметтік зұлымдықпен бірлесе күресіп, жемқорлықты жоюдың алдын алу шараларын көбірек өткізуіміз керек. Сіздерге өңіріміздің даму жолында жемісті еңбек пен табыс тілеймін.

Өркениетті мемлекетті дамыту, оның ішкі тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – әрбір азаматтың парызы. Басты мақсат- барлық бағыт бойынша жемқорлыққа қарсы әрекет етіп, қойылған міндет тиісті деңгейде орындау,- дейді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы.

АСХАТ ЖАҚЫПБЕКОВ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Жемқорлық қылмыстарының алдын алу, оған жол бермеу бәріміз үшін маңызды мәселе деп санаймын. Мемлекеттік органдардың жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі барлық бастамалар қоғамның қолдауына мұқтаж. Баршаңызды парасаттылық идеологиясын насихаттауға жемқорлық атты зұлымдыққа белсенді түрде төтеп беруге шақырамын. Жемқорлық-індет, онымен күресу-міндет!

Құрмет-қошеметке ие болғандардың бірі сыбайлас жемқорлыққа қарсы ерікті Ерлан Әбілкәрімов. Ер адам Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының грамотасына ие болып отыр. Бірінші қалалық емхананың комплаенс менеджері күрмеулі мәселенің бірін шешуге ат салысып, әріптестері арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті насихаттап жүргенін айтады.

ЕРЛАН ӘБІЛКӘРІМОВ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтер:

– Тамызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілерге арналған конкурс өтті. Қатысып көрейін дедім, іріктеуден өттім. Тиісінше, өзімнің жұмыс орнымда түрлі шаралар өткізіп жүрдім. Бұдан бөлек, қоғамдық орындар мен көліктерде QR-кодтар ілдік. Осылайша, азаматтар сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілердің жұмысын көре алып, ақпарат ала алды. Жастар арасында да жұмыстар жүргіземіз. Бұл әрбір азаматтың міндеті деп білемін.

Айта кетейік, Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне арналған салтанатты жиын барысында барлығы 35 адам марапатталды.