Дамыған қоғамда тұратынымызға қарамастан, жанұяларда зорлық-зомбылық жайттары тіркеліп тұрады. Сандарды сөйлетсек, бір жылдың өзінде елімізде жұдырық ала жүгіретін еркектерден бірсыпыра әйел адам ауыр жарақат алады немесе көз жұмады екен. Кәсіби медиатр Гүлбақша Мұсабаеваның айтуынша, шаңырақ алкогольдің кесірінен және табыстың жетпеуінен жиі шайқалады.
ГҮЛБАҚША МҰСАБАЕВА, кәсіби медиатор:
– Қазіргі уақытта отбасылық психологтарды дамыту керек. Сондай-ақ, отбасылық медиациямен айналысатын медиатрлардың санын көбейту қажет. Жаңа отбасыларға ақыл-кеңес айтсақ, олардың қақтығыстары ушықпайды деп ойлаймын. Бұл мәселені тереңнен бастау керек. Жаңа ғана тәрбиелеп жатқан балалардан бастау керек.
Мамандардың сөзінше, отбасындағы қорлыққа шыдап жүрген азаматшалар баршылық. Ел бойынша нәзікжандылардың 15 пайызы күйеуінің жұдырық ала жүгіруі қалыпты жағдай деп санайды екен. Облыста есепке алынған жанұяларды полиция қызметкерлері жиі тексереді. Олармен бірге жергілікті мәслихат депутаттары да рейд өткізеді.
СӘЛІМХАН СӘБИТОВ, қалалық мәслихаттың депутаты:
– 90-шы жылдары апаларымыз, қарындастарымыздың барлы ұят деп санады. Үндемей қалмау керек. Қазіргі кезде бала өсіріп отырмыз. Келешекте олар мұндайды көрмегені жөн.
Жалпы, облыста жыл басынан бері отбасылық зорлық зомбылыққа қатысты 2134 құқықбұзушылық тіркелген. 536 адам әкімшілік қамауға алынды. 300-ден астам тұрғынға ескерту жасалса, 6 адамға айыппұл салыныпты.
Гүлден Сембаева