Ағымдағы аптада есеп беру кезегі Ғабит Мүсірепов ауданының әкімі Руслан Аңбаевқа да келді. Бұл аудан дамудың даңғыл жолына түскен. Мұнда бірнеше салада жоғары көрсеткіштер тіркелді. Өсім әлі де жалғасын таппақ. Олардың барлығын атқамінер жіпке тізді.
РУСЛАН АҢБАЕВ, Ғабит Мүсірепов ауданының әкімі:
– Биылғы жылғы 1 қазанда тұрғындардың аудан бойынша жалпы еңбек ақысы 238,0 мың теңгені құрады, сонымен 15,7 пайызға өсті. Ауыл шаруашылығы бойынша 198,2 мың теңгені құрап, 10,8 пайызға өсті. Ағымдағы жылдың басында жоспар 2046 адам болса, қазіргі уақытта 2009 адам жұмысқа орналастырылды.
Руслан Әкімжанұлының баяндамасы 16 беттен тұрды. Халықты ауыз сумен қамту, жол жөндеу, өндіріс пен құрылыс. Әкім осылардың барлығына тоқталды. Кейін журналистердің сұрақтарына жауап берді. Залдағы тілшілер белсенділік танытпағанымен, онлайн режимде бірнеше сауыл түсті. Солардың бірі аудан орталығында бос тұрған нысанның болашағына қатысты болды.
РУСЛАН АҢБАЕВ, Ғабит Мүсірепов ауданының әкімі:
– Біз бұл нысанды облыс әкіміне көрсеттік. Болашақта оны ауданаралық ауруханаға айналдырғымыз келеді. Ғимарат күзетіледі. Бірақ, жылытылмайды. Жағдайы нашар деп айтуға келмейді. Жөндеу жұмысын жүргізіп, қолданысуға беруге болады.
Журналистермен кездесу барысында Ғабит Мүсірепов ауданының әкімі Руслан Аңбаев халықты ауыз сумен қамту және ауылдарға интернет жеткізу мен сапасын жақсарту бойынша да сұрақтарға жауап берді.