Қоғам

Қызылжар ауданының әкімі есеп берді

Жол, су және тұрғын үй. Халық игілі үшін тындырылған жұмыстардың қорытындасын Қызылжар ауданының әкімі Жанат Сәдуақасов журналистермен кездесу барысында мәлім етті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін барлық ауыл сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілуі тиіс деді. Осыны тілге тиек еткен атқамінер баяндамасын өңірдің көп бөлігінде айта-айта жауыр болған тіршілік көзіне қатысты мәселеден бастады.

ЖАНАТ СӘДУАҚАСОВ, Қызылжар ауданының әкімі:

– Аудан бойынша 15 500 үй бар. Оның 84 пайызына немесе 13 мыңына ауыз су кіргізілген. Біз 2019 жылдан сумен жабдықтау желілерін жөндау жұмыстарын бастадық. Нәтижесінде 16 ауылдағы 40 шақырым құбыр қалпына келтірілді. Биыл Архангельское, Новокаменка және Пенкова елді мекендерінде “Су құбырын қайта құру” жобасы басталды.

Жол мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. 2018 жылы ауданда небәрі 22 шақырым қалыпқа келтіріліпті. Оң өзгеріс 6 ауылда ғана орын алған. Ал бүгінде көрсеткіш 256 шақырымға және 44 ауылға жеткен. 2024 жылға арналған жоспар әзір.

ЖАНАТ СӘДУАҚАСОВ, Қызылжар ауданының әкімі:

– Биыл облыс әкімінің қолдауымен 7 ауылдағы көшелерді жөндедік. Шаховское мен Рассвет ауылдарына кіреберіс жолдар да қалыпқа келтірілді. 2024 жылы Бескөл, Белое мен Налобино арасындағы жолдарды және Сумное мен Вишневкаға кіреберіс учаскені жөндемекшіміз. Жалпы айтқанда, 31 шақырым жол “жақсы” деген деңгейге жетпек.

Қызылжар ауданындағы көшелер 92% жарықтандырылған. Бұл көрсеткішті 100% жеткізу үшін келесі жылы 8 ауылға жарық шамдары орнатылмақ. Құрылыста да табыстар бар. Болашақта Бескөлде пәтер иелерінің саны артады.

ЖАНАТ СӘДУӘҚАСОВ, Қызылжар ауданының әкімі:

– Қазіргі таңда Бескөлде кезекті 5 қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Аудан бойынша 901 адам үй кезегінде тұр. Оның 83-і – көпбалалы отбасы. Өткен жылы көпбалалы жанұяға үй сатып алып бердік. Бұл тәжірибені жалғастыру ойда бар.

Қызылжар ауданында медициналық мекеме тапшылығы сезіледі. Қазір 22 ауылда көмек көрсетілетін нысан жоқ. Аудан басшысы бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

 

Ақжүніс Мұқатай