Қызылша жұқтырғандардың саны күн сайын өсуде. Соңғы дерекке сүйенсек, өңірде инфекцияға шалдыққандардың саны 107-ге жеткен. Жаңа індет ошағы да анықталды. Жақында Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінде 20-дан астам студент күдікке ілініпті. Әзірге 1 жайт расталған. Демек, науқас саны алдағы уақытта артуы мүмкін. Бұл жайлы баспасөз мәслихатында айтылды.
НҰРЖАН ТАҒАНИЯЗОВ, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
– Айтып отырғанның барлығы – студент. 1000-нан аса студент қарым-қатынаста болған. 1 қызылша жұқтыру жайты тіркелді. 20 адам күдікке ілінді. Шектеу шаралары енгізілмейді.
Қазір өңірде 30 адам стационарлық жағдайда қызылшадан емделіп жатыр. Оның 22-сі – бала. Ұл-қыздардың басым бөлігі екпе алмапты.
НҰРЖАН ТАҒАНИЯЗОВ, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
– Реанимация бөлімшесінде ешкім жатқан жоқ. Індет жүкті әйелдер арасында тіркелмеді. Екпе бар. Осы жұма күніне дейін 28 600 доза екпе күтілуде.
Баспасөз мәслихаты соңында тілшілер сұрақтарды қарша боратты. Сауалдардың басым бөлігі әскери академиядағы жағдайға қатысты болды. Екпе қоры жайлы да сұралды. Мамандардың сөзінше, қазір тапшылық сезілмейді және болашақта болмайды.
Байболат Құлтанов