Дезинсекция жүргізу тәртібі мен қауіпсіздік сақталмаған жағдайдағы салдары. Бұл тақырып бүгін Төтенше жағдайлар департаментінде талқыланды. Өңірде биыл дезинсекция салдарынан ешкім уланған жоқ. Дегенмен де алдағы уақытта оның алдын алып отыру керек.
РИЗАБЕК ТЕМІРБЕКОВ, СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының офицері:
– Биылдан бастап жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп көптеген үгіт-насихат жүргізілді. БАҚ арқылы көптеген материалдар таратылды. Сауда орталықтарында халыққа 100 мыңнан аса үгіт-насихат таратылды. 20-дан аса жұмыс жүргізілді.
Пәтерде пайда болған зиянкестерді залалсыздандыру жұмыстарын өз бетінше жүргізуге болмайды. Әйтпеген жағдайда ол адам өліміне әкеп соқтыруы мүмкін немесе адам қатты уланып қалуы ықтимал. Яғни, бойды әлсіздік билеп, жөтел қысады, жүрек айниды.
Еске сала кетейік, осыдан 3 жыл бұрын Шымкент қаласында зиянкестерді улаған үйден 4 бала ауруханаға түсті. Биыл жаға ұстатарлық жайт Ақтау қаласында болды. Залалсыздандырудың салдарынан 2 бала уланып көз жұмды. Мұндай жағдай қайталанбас үшін дезинсекция жүргізуді құзырлы мамандарға сеніп тапсыру қажет.
ИРИНА ТУПОВА, СҚО бойынша дезинфекциялау орталығының бөлім басшысы:
– Ең алдымен өнімнің қаптамасындағы ақпаратқа назар аудару қажет. Сыртында атауы, не үшін арналғаны, салмағы, дайындалған күні, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары мен құрамы, өндірушінің атауы және мекен-жайы, пайдалану ережелері жазылуы қажет. Өнім басқа мемлекеттің аумағында өндірілсе, онда біздің елдегі тауардың сапасына қатысты шағым қабылдайтын уәкілетті тұлға көрсетілуі міндетті.
Өңірде дезинсекция жүргізетін 11 орталық бар екен. Ұйымдарға тұрғындардан қандала улау бойынша – 140, тарақан жөнінде – 31,
құмырсқа бойынша 2 өтініш келіп түскен.