Биылғы жылдың қаңтар-қазан айларының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 775,3 млрд.теңгені құраған. Нақты көлем индексі – 15,1% – ға төмендеген. Ал осы уақыт аралығында өңірде 514,3 млрд. теңгеге өнеркәсіп өнімі өндірілген. Өңдеу өнеркәсібі 13,1% – ға ұлғайған. Алайда бұл көрсеткішке қарамастан өңірдің 6 ауданында нәтиже төмен.
ҚУАНЫШБЕК ҚАЛИЖАНОВ, СҚО экономика басқармасының басшысы:
– Биылғы жылдың қаңтар- қазан айларында өңірге 336,8 млрд теңгеге инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш 20,3 пайызға өскен. Алайда, Ғ.Мүсірепов ауданында 20,1 пайызға көрсеткіш төмендеген. Себебі, ауданда ауыл шаруашылық техникасын алу азайған және ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылмайды. Жалпы, өңірді дамыту үшін басты өнеркәсіп саласына екпін қойылады. Бірақ, жыл басынан бері Ақжар, Шал ақын, Ғ.Мүсірепов. Тимирязев аудандарында өңдеу өнеркәсібіне ешқандай инвестиция тартылмаған. Инвестициялар жөніндегі орталық органдардың жоспары бойынша 496 млрд теңге тартылуы керек еді. Алайда, өткен 10 айда өңірде оның тек 67,9 пайызы орындалды. Жоспар 11 аудан мен Петропавл қаласында орындалмаған.
Облыста ауыл шаруашылығы жақсы дамыған, десекте кейбір аудандардың көрсеткіштері мәз емес. Мысалы Ақжар ауданында 6,5 пайызға, Шал ақында 7,4 пайызға сүт өндірісі азайған. Ал Тимирязев ауданында жағдай тіптен мүшкіл. Бірде-бір тауарлы сүт фермасы болмағандықтан өндіріс көрсеткіші «0»-ге тең. Сол себепті, облыс әкімі Тимирязев ауданының әкіміне келер жылы тауарлы сүт фермасын салуды тапсырды. Аудан әкімінің сөзінше, бұл ауданда тауарлы сүт фермасын саламын дейтін инвестор табылмай отыр.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Инвестиция тарту бойынша мәселені біз бүгін айтып отырған жоқпыз. Ол жыл басында қойылған міндет. Ал құрылыс жұмыстары Аққайында 64 пайызға, Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда 25 пайызға және айыртау ауданында 17 пайызға азайып кеткен. Барлық мүмкіндік бола тұра, Айыртау ауданында қазан айында құрылыс жұмыстары 680 млн теңгеге орындалған. Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда 183 млн теңгеге ғана. Ал Аққайың ауданында динамика тіптен нөлге тең.
Облыс әкімі жиында жыл соңына дейін өңірде 300 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілуі керек екенін атап өтті. Алайда, өткен 10 айда Мамлют, Уалиханов және тайынша аудандарында жоспар орындалмаған. Ғ.Торсанұлы барлық аудан әкімдері мен құрылыс басқармасына 2024 жылға арналған жоспарды 20-шы желтоқсанға дейін дайындауды тапсырды. Және биылғы жоспарды орындамаған аудан әкімдеріне жыл соңында тәртіпттік жауапкершілікке тартылатынын айтты. Әкімдік отырысындағы екінші мәселе облыстың кіріс және шығыс бюджеті. Биыл облыстың жергілікті бюджетіне 96 млрд. 462,7 млн. теңге түскен. Соның 2 млрд.459,5 млн. теңгесы жоспардан тыс. Ал бюджеттің шығыс бөлігі 98,6% – ға орындалған. 5 млрд. 455,6 млн. теңге игерілмей қалды.
НАТАЛЬЯ ДЫШКАНТ, СҚО қаржы басқармасының басшысы:
– Құрылыс басқармасы 423,7 млн , білім басқармасы 381,4 млн , ауыл шаруашылық басқармасы 355,4 млн теңгені,. Петропав және Уәлиханов,Мамлют аудандары бюджетті игермеді. Облыс бюджетті өткен 11 ай қорытындысы бойынша 98,9 пайызға орындалған.
Бюджеттен бөлінген қаражатты денсаулық сақтау, құрылыс, білім басқармасы, Уәлиханов, Шал ақын ауданы, Петропавл қаласы игере алмаған.
СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
– Қаражатты игермеуімізе басты себеп, көптеген жобалар бойынша тиісті құжаттар дайын болған жоқ. Мәселен, Береке ауданындағы кейбір үйлер дайын емемс. Сол себепті, оларға ақша төлеген жоқпыз. Жыл соңына дейін бізге бөлінген қаражатты толықтай игеретін боламыз.
Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов қазынадан бөлінген ақшаны игере алмай отырған шенділерді жазалау керек дейді. Ал Қызылжар, Мамлют, Мағжан Жұмабаев аудандарында елді мекендерді сумен жабдықтауға бөлінген қаражы игерілмеу қалуы мүмкін.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Сіздер абаттандыруға, жол жөндеуге және су құбырларына ақша сұрайсыздар да, оны игере алмайсыздар. Уақыт шамалы қалды. Бұл республикалық бюджеттен түсетін ақша. Біз оларды игермесек, келесі жылы жергілікті бюджеттен бөлуге мәжбүр боламыз. Көп жоба бар. Біз тұрғындарға қандай аудан әкімі ақшаны игермей жатқанын айтатын боламыз. Шындығына келгенде, қаражат толық жұмсалып жатқан да жоқ. Ақшаны игере алмай отырғандарды жазалау керек.
Жиын соңында облыс әкімі барлық басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне бюджеттен бөлінген қаражатты толықтай игеру керек екенін қатаң тапсырды. Ақшаны игермеудің себебі – шарттардың кеш жасалуы және мердігер ұйымдардың міндеттемелерді орындамауы деп атап өтті облыс әкімі.