Қоғам

Петропавлда отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 1100-ден аса бұзушылық тіркелген

Қазақстанда отбасының шырқын бұзатындармен күрес күшейтілген. Осының әсерінен құқық бұзушылықтар біршама азайыпты. Алайда, бүгінгі күнге дейін тіркелген санның өзі кез келген жанды селт еткізбей қоймайды. Биыл Петропавлдың өзінде полиция қызметкерлері 1 мыңнан аса жайтпен танысқан.

ӘЛІБЕК ҒАБДУЛЛИН, Петропавл қаласы ПБ бастығының бірінші орынбасары:

– Жыл басынан бері Петропавл қаласында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 1141 құқық бұзушылық тіркелді. Барлық жайт бойынша Әкімшілік кодекстің 73-бабы аясында іс қозғалды. Нәтижесінде 874 тұлға жауапқа тартылды. Жекелей тоқталсам, 85 адамға ескерту жасалды. 294 тұрғын әкімшілік қамауға алынды. Ал 491 материал тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылды.

Жанұядағы жанжалдан зардап шеккендер көп жағдайда үн қата қоймайды. Тиісінше, полиция іс қозғамайды. Ескерер жайт, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында өзгеріс орын алды. Қазір берекені қашыратындар арыссыз-ақ қамауға алынады.

ӘБІЛҚАЙЫР ҚАЗЖАН, Петропавл қаласы ПБ бірінші полиция бөлімі бастығының орынбасары:

– Қазіргі кезде тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша хаттама толтыру үшін арыз емес, көршілерінің айтқаны немесе бейнекамералардың жазбалары жеткілікті болып табылады. Сонымен, отбасылық жанжал үшін агрессорға ескерту жасалады немесе 5 тәулікке қамауға алынады. Ұрып-соғу үшін – 10 тәулікке, қайталап бұзғаны үшін 20 тәулікке қамауға алынады.

Әрмен қарай жалғайық. Жанжалқой денсаулыққа жеңіл зиян келтірсе, 15 тәулікке қамалады. Ал осы ісін қайталаса, 25 күнін қамауда өткізеді. Егер адам мерт болса, қылмыскер бірнеше жылға темір торға тоғытылады. Жыл басынан бері шаһарда мұндай 2 факт тіркеліпті. Брифинг барысында спикерлер тағы бір өзгеріс жайлы баян етті.

ӘБІЛҚАЙЫР ҚАЗЖАН, Петропавл қаласы ПБ бірінші полиция бөлімі бастығының орынбасары:

– Тараптарды татуластыру рәсіміне қойылатын талаптар күшейтілді. Яғни, қайта татуласу мүмкіндігі алынып тасталды.

Бүгінгі таңда Петропавл қаласы бойынша профилактикалық есепте әртүрлі санат бойынша 2362 жанжалқой адам тұр екен.

 

Байболат Құлтанов