Асфальтталған тегіс жол, үйге тартылған су мен жарық көшелер. Қызылжар ауданына қарасты Налобино ауылында тиісті жағдайдың бәрі жасалған. Петропавл қаласынан 58 шақырым жерде орналасқан ауыл жыл өткен сайын көркейіп келеді. Бұны ауыл тұрғындарының өзі растайды.
ТАМАРА ГЛУШКО, Налобино ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
– Ауыл ішіндегі реттілік көңілімнен шығады. Түнде далаға шықсаң жап-жарық болып тұрады. Мысалы, кеше түнде ғана қар өте көп жауды. Ал ертесіне тұрсақ, арнайы техникамен жол ашып, көшені қардан тазалап жатыр. Халықтың қамын ойлайтындарына ризамын.
Налобино ауылында 40 жылдан бері тұрып жатқан Ләйлә Жансүгірованың зейнетке шыққанына биыл – 7 жыл. Нәзікжанды елді – мекендегі тұрмысына дән риза. Мұндағы халыққа жасалып жатқан жағдай қаланыкінен кем емес дейді.
ЛӘЙЛӘ ЖАНСҮГІРОВА, Налобино ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
– Ауылдың жағдайы өте керемет. Қар жауған кезде шаруашылықтың адамдары бірден жолды тазалап шығады. Былтыр судың мәселесі де шешілді. Мына біз тұрған көшеде 2 үй ғана колонкадан су тасиды. Қалғандарының бәрінің үйіне су кіргізілген.
Ауылдың алға жылжып, қарыштап дамуына үлес қосып жүрген “Орловский И К” серіктестігінің еңбегін айтпасақ болмас. 96-шы жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан тегеурінді шаруашылықтың арқасында биыл ауылдық клуб та жаңарып, жаңа леп алған. 10 млн теңге көлемінде жөнделген мәдени орталық шағын кітапхана, тренажерлық пен концерт залынан тұрады. Мәдина Мұхамедқалиева – мекеме меңгерушісі.
МӘДИНА МҰХАМЕДҚАЛИЕВА, Налобино ауылдық клубының меңгерушісі, Қызылжар ауданы:
– Біз 30-тамыз – Конституция күнінде ашылдық. Қазіргі таңда 100-ге жуық тұрғын тұрақты түрде осында келеді. Біз түрлі әдеби, шығармашыл кештер мен тренингтер ұйымдастырамыз. Балалар келіп сурет салып, кітап оқыса, үлкендер арнайы тренажерлық құралдардың көмегімен спортпен шұғылданады. Ән-би кештерін ұйымдастырамыз. Тіпті, хореограф мұғалімі де бар. Келем деушілерге барлығы тегін.
Владимир Орловский – аталмыш шаруашылықтың басшысы. Налобино ауылының мәдениеті мен тұрмысына сүбелі үлес қосып жүрген тәжірибелі аграршы биыл Қызылжар ауданының “Құрметті азаматы” атағын иеленіпті.
ВЛАДИМИР ОРЛОВСКИЙ, “Орловский и К” серіктестігінің басшысы, Қызылжар ауданы:
– Биыл бізде егін науқаны жақсы болды. Дегенмен, жауын-шашынның мол түсуінен астық ылғалды болып, кептіруге тура келді. Биыл біз 120 гектар жерге жасымық егіп көрдік. Өнімділігі ойдағыдай болып шақты. Келесі жылы аумағын кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Біздің пай үлесінің жері шағын – 5,1 гектардан тұрады. Біздегі жұмысшылардың орташа жалақысы – 300 мың теңге.
Александр Горенко “Орловский” серіктестігінде 20 жылдан бері еңбек етеді. Зейнетте болғанымен жұмыс істеуге әлі шама-шарқым бар дейді. Өзіне тиесілі пай үлесін астық түрінде алған екен. Сонымен қатар, жыл сайын ер азаматқа шаруашылықта жұмыс істейтіндіктен қосымша 3 тонна астық берілген.
АЛЕКСАНДР ГОРЕНКО, “Орловский и К” серіктестігінің механизаторы, Қызылжар ауданы:
– Мен бұл ауылда 30 жылдан бері тұрамын. Отбасым да, тұрақты жұмысым да осында. Әйелім осы шаруашылықта – наубайханашы. Өзіме ауыл ішіндегі тыныштық ұнайды. Трассадағы жол мәселесі болмаса барлығы жақсы. Биыл пай үлесім де көңілімнен шықты. Басшымыз Вдадимир Орловскийге алғысым шексіз. Қолынан келгенше көмек қолын созады. Налобино ауылының жастары осы адамнан үлгі алса екен деймін.
Ләйлә Жансүгіроваға да тиісті пайы беріліпті. Жыл сайын ақшалай емес, жем-шөп ретінде алады екен.
ЛӘЙЛӘ ЖАНСҮГІРОВА, Налобино ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
– Ал мал ұстайтын адамдар қыста оларға азық дайындаудан қиналмайды. Көмектерін береді. Мен отбасыммен пайды жеммен, бидаймен аламыз. Бір-бір пайға 5 центнер бидай келеді. Отбасымда 4 адам болса, 2 тоннадай аламыз.
Жалпы, Налобино ауылында мыңға жуық тұрғын бар. Айта кетейік, қызылжарлықтарға Орловскийден бөлек “Алекри Агро”, “Брушкевич”, “Нелюбин” мен “Ливинцов” сияқты серіктестіктер көмектеседі.
Ақжүніс Мұқатай