Ауыл шаруашылығы

Кәсіпкері көмектескен берекелі ауыл

Бірлігі жарасқан Есіл ауданына қарасты Волошинка ауылында 600-ге жуық адам тұрады. Елді мекенің дамуына «Пушкинское» серіктестігі ықпал етіп жатыр. Мәселен, білім ұясындағы құрал-жабдықтардың барлығы жергілікті кәсіпорынның қолдауымен сатып алынған. Қазіргі таңда мектепте 100-ге жуық оқушы оқиды, оларға 26 мұғалім білім береді. “Заманауи технологияның көмегімен түсіндірілген сабақ сіңімді болады”,- дейді Волошинка орта мектебінің директоры Ермек Сапкиреева.

ЕРМЕК САПКИРЕЕВА, Волошинка орта мектебінің директоры, Есіл ауданы:

– 5 жылдың ішінде мектеп өзгере шықты. Есіктер ауыстырылды. Оған 2 млн 100 мың теңге бөлінді. Мектепке түгел линолеум төселді. Заманауи құрылғылар алынды. Мектеп алдына көптен күткен асфальт құйылды. «Пушкинское» серіктестігі тіпті көктемде маңайға гүл егуге де көмектеседі.

«Пушкинское» серіктестігі 15 мың гектарға жуық алқапқа егін егеді.
Одан пай алып отырған 900-ден астам жарнашысы бар. Агроқұрылым басшысы Игорь Самборецкийдің айтуынша ауылдағы ағайын пай туралы қам жемейді. Өйткені, тиісті үлес жылда тиісті көлемде үлестіріліп отырады.

ИГОРЬ САМБОРЕЦКИЙ, «Пушкинское» ЖШС басшысы, Есіл ауданы:

– Пайшыларымыз жыл сайын өздеріне тиесілі үлестерін алып отырады. 1 жер үлесі үшін 3 центнер шөп, жоғары сорттық 150 келі және 1-ші сорттық 50 келі ұн мен 54 келі кебек және сабан береміз. Пайды ақшалай да алуға болады.

Серіктестіктен жарнапұл алып отырған азаматтардың арасында Волошинка орта мектебінің мұғалімі Арай Жұмағалиеваның ата-анасы да бар.

АРАЙ ЖҰМАҒАЛИЕВА, Волошинка орта мектебінің мұғалімі, Есіл ауданы:

– “Пушкинское” серіктестігіне алғысымды білдіргім келеді. Жыл сайын пайдың үлесін беріп отырады: шөп, сабан, ұн ретінде.

Серіктестік дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жүргізіп берген. Айта кетейік, алдағы уақытта Волошинкада ауылішілік 3 көшеге асфальт төселмек. Жұмыс келесі жылдың мамыр айында бастау алады.

ВИТАЛИЙ КОЧЕРГИН, Волошинка ауылдық округінің әкімі, Есіл ауданы:

– Жол тиісті сараптамадан өтті. Жобаны жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 303 млн теңге қарастырылған.
Ауыл ішіндегі көшелердің жалпы ұзындығы 5,2 шақырымды құрайды.

Ивано-Петровка ауылындағы «Дальнее» серіктестігі 95-ші жылы құрылған. Онда 30-ға жуық адам жұмыс істейді. Агроқұрылым тұрғындарға биылғы пай үлесін беріп тастаған. Бұл жөнінде кешігу жоқ.

НИКОЛАЙ ПЛЕТНЁВ, «Дальнее» ЖШС бастығы, Есіл ауданы:

– Келісім шартқа сәйкес біз пайларды уақытылы береміз. Қыркүйектің соңы мен қазанның басында беріп тастадық.

Игорь Павлик – “Дальнее” серіктестігінде 2006-шы жылдан бері жұмыс істейді. Мамандығы – инженер. Айтуынша, мұнда пайдан бөлек, жалақы беру жағы ретке келтірілген. Қолына айыына 260 мың теңге алады.

ИГОРЬ ПАВЛИК, «Дальнее» ЖШС инженері, Есіл ауданы:

– Техникаға жауап беремін. Боран басталса, ауыл ішін және көрші ауылға баратын жолдарды қардан тазалаймын. Өзіме тиесілі пай үлесімді алдым. Жыл сайын уақытылы беріледі.

Елді мекенде 400-ге жуық адам тұрады. Оның дені – жастар. Ауылда тұрғындарға арналып спорттық нысан салынған. Амангелді ауылы да көркейіп келеді. Мұнда жуырда мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті.

БАҚЫТ ИСМАҒҰЛОВ, Амангелді ауылдық округінің әкімі, Есіл ауданы:

– Аудандық бюджеттен 20 млн, ал облыстан 30 млн бөлінді. Сол қаражатқа ғимараттық шатыры мен терезелерін ауыстырдық. Жылу құрылғыларын тазартып, жаңарттық. Қазіргі кезде құрылыс жұмыстары аяқталып келе жатыр.

Амангелді округіндегі халықтың саны 600-ден асады. Оған кіретін
3 ауылдың арасындағы жолдар мен ауылішілік көшелер қалыпқа келтіріліп жатыр. Гүлбану Қожахметва Амангелді ауылының ажары ашылып келеді дейді.

ГҮЛБАНУ ҚОЖАХМЕТОВА, Амангелді ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Бәрі жақсы. Әрбір үйге су тартылып жатыр. Ауылда да көптеген өзгерістер болып жатыр. Пайды “Агрохимснаб”-тан аламыз. Биыл 75 мыңнан алдық. Бір-бір адамнан. Жалпы, 400 мыңдай болды. Былтыр жем және бидаймен алдық. Кешіктіру деген жоқ уақытында беріп тұрады.

Биыл «Агрохимснаб» серіктестігінің демеушілігімен Амангелді мектебінің спорт залына 1 млн теңгеге терезелер орнатылды. Шағын футбол алаңы салынған.

ВЛАДИМИР ОЛЕКСЮК, “Агрохимснаб” ЖШС басшысы, Есіл ауданы:

– Жылына қолдаумен 2-3 сыныпты қамтып отырамыз. Барлық ауыл тұрғындарының жағдайын жасауға тырысып жатырмыз. Қыс кезінде жолдарды қардан тазалаймыз.

“Агрохимснаб”-та 60 адам жұмыс істейді. Орташа жалақы 300 мың теңгені құрайды. Салтанат Сайпенова серіктестікте 23 жыл бойы еңбек етіп келеді.

САЛТАНАТ САЙПЕНОВА, “Агрохимснаб” ЖШС қызметкері, Есіл ауданы:

– Еңбекақымыз бізді қанағаттандырады. Пай да уақытында беріледі. Бүкіл жұмысшыларға жем-шөп беріледі.

«Агрохимснаб» серіктестігі пайшыларына тиесілі үлестерін уақытында таратып отырады. Биыл осы мақсатта 50 млн теңгеден астам жарнапұл төлеген.

 

Гүлден Сембаева