Қоғам

Желтоқсанның ортасында -40 градусқа дейін аяз болады

Көзді ашып-жұмғанша желтоқсан айы да келіп қалды. Әдетте солтүстік өңірде қар қазан немесе қараша айында түсетін. Ал биыл дәл уақытында келіп теріскей тұрғындарын таңқалдыруда. Кеше ғана аяздатып, суық өне бойдан өтіп тұрса, бүгін ерекше жылулық байқалады. Мұндай құбылмалы ауа райы қашанға дейін жалғасады? Қазгидромет өкілдерінен сұрап көрдік.

ГҮЛЗАТ ҒАЗИЗОВА, “Қазгидромет” РМК СҚОФ бөлім басшысы:

– Келесі Батыс циклонымен және атмосфералық фронттармен 5-ші желтоқсанда облыс бойынша жауын-шашын жаңбыр мен қар, көктайғақ, бұрқасын, оңтүстік-батыстан соғатын желдің күшеюі 15-20 м/с, облыстың оңтүстігінде, батысында екіпіні 23-28 м/с болады деп күтілуде, осыған байланысты облыс бойынша дауылды ескерту жарияланады.

Алғашқы онкүндіктің бірінші жартысында жылымық сезілсе, екіншісінде күндіз ауа температурасы 23-28 градус аязға дейін, ал тунде 33 градус аязға дейін күрт төмендеу күтілуде.

ГҮЛЗАТ ҒАЗИЗОВА,”Қазгидромет” РМК СҚО бойынша филиалының бөлім басшысы:

– Екінші онкүндіктің басында ауа температурасы түнде 30-35, облыстың солтүстігінде 39 градус аяз, күндіз 20-25 градус аяз болжанады. Содан кейін ауа температурасы түнде 15-20 дан 20-25 градусқа дейін, күндіз 12-17-ден 15-20 градус аязға дейін ауытқиды.

Ал үшінші онкүндікте ауа температурасы 20 мен 27 градустің арасында сақталады. Қылышын сүйретіп келетін қыстың қалай болатыны жұртшылықты алаңдатпай қоймас. Қала тұрғындары биылғы қысты қалай елестеді екен?

– Кешегі күні аяз болып өте салқын болса, бүгін сондай жып-жылы.
– Енді болжам бойынша құбылмалы болады деп тұр ғой. Бірде жылы, біре салқын деп. Бейсенбіден бастап -30-ға дейін барады дейді.
– Көктайғақ болмау үшін қар молырақ жауса екен деймін.

Осы орайда айта кетейік, кеше қалада қалыңдығы 12 мм-ден астам қар жауды. Синоптиктердің айтуынша, бұл нормадан көп. Қазір жол бойында тау боп үйіліп жатқан ақ ұлпаны коммуналдық қызметтер қала сыртына шығарып әлек.

 

Ақжүніс Мұқатай