Надежда Дмитриенко – жоғары білікті логопед-дефектолог маман. Ол бұған дейін қаламыздағы түзету-дамыту бөлмесіне жетекшілік етті. Тұрғындарға азаматшаның жұмысы ұнаған екен. Аз уақыттың ішінде келушілер саны бірсыпыра ұлғайыпты. Осыған байланысты шағын бөлме орталыққа айналды. Қазір мұнда бірнеше жан еңбек етеді.
НАДЕЖДА ДМИТРИЕНКО, түзету-дамыту орталығының директоры:
– Біз балаларды бір жарым жастан қабылдаймыз. Жеткіншектер де келіп жүр. Логопед, дефектолог, нейропсихолог, психолог, бастауыш сынып мұғалімдері мен тіл мамандары жұмыс істейді. Қазіргі таңда 80-нен астам ұл-қыз келеді. Көбісінің тіл мүкістігі бар. Жан-жақты көмек көрсетеміз. Біздер үшін әр бала маңызды.
Логопед-дефектолог маманның сөзінше, ұл-қыздардың тұйық болуына әрі сөздерді дұрыс айта алмауына ата-ананың тікелей қатысы бар. Әке-шеше баланың даму барысын аңғарып отыруы тиіс. Кішкентай кезінде телефон ұстатып, теледидар қаратқанша, көп сөйлескен, бірге ойнаған абзал.
Жанбота Жақсылыққызы осы басымдықтарға ерекше мән береді. Ол орталыққа келуші ұл-қыздарға қазақ тілін үйретіп жүр. Балалармен топтық және жеке жұмыс істейді.
ЖАНБОТА ЖАҚСЫЛЫҚҚЫЗЫ, түзету-дамыту орталығының қазақ тілі пәні мұғалімі:
– Балаларға қазақ тілін ойын арқылы үйретемін. Түстерді, жануарларды сұраймын. Ойын терапиясы жақсы әсер етеді.
Қазақ тілі пәні мұғалімін қарагөз балалардың орыс тіліне қызығушылығы мәселесі ойландырады. “Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі” деп сөз бастаған маман ата-аналардың рөлін алға тартты.
ЖАНБОТА ЖАҚСЫЛЫҚҚЫЗЫ, түзету-дамыту орталығының қазақ тілі пәні мұғалімі:
– Ата-аналардың көбі орысша сөйлейді. Балалардың орталары да орыстілді болып келеді. Мұны біз ата-аналарға ескертуіміз керек. Балаға ата-аналар үлгі екені белгілі.
Ондаған балаға түрлі бағытта көмек көрсетіп, жас мамандарды жұмыспен қамтыған түзету-дамыту орталығы келесі жылы мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істеп көрмек. Сонда “Мансап орталығы” арқылы еңбекпен қамтылған жастардың саны да ұлғаймақ.
Байболат Құлтанов