Қоғам

СҚО-да жыл басынан браконьерлерге қатысты 11 қылмыстық іс қозғалған

Бүгінде мына жігіт сияқты тазы ұстайтын, оның қыр-сырын зерттейтін, ала жаздай дайындап, қыстыгүні аңға салатын жігіттер некен-саяқ. Қоғамда қансонар деген ұғым ұмытылып бара жатыр. Бұрынғылар бүгінгідей қардан кейін ат ерттейтін, қарудың түр-түрін ұстаған қазіргілер машинаның майын қарайды. Ақыры соңында солар сайын даланың тынышын қашырады, айланы асырады.

ОЛЕГ БЕСПАЛОВ, СҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:

– Жыл басынан бері облыс аумағында табиғатты қорғау заңнамасын өрескел бұзудың 11 жайты тіркелді. Браконьерлер тұяқтыларды шамадан тыс атып алған. Осының кесірінен жануарлар әлеміне 60 млн теңгеден астам зиян келді. Заң бұзған тұлғалар анықталды. Барлық факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қазір заң қатаң. Ашкөздікке салынған аңшысымақтар істі болады. Төлейтін айыппұлы тағы бар. Сұхбат барысында бейінді инспекцияның бөлім басшысы аяқталған қылмыстық істерге тоқталды.

ОЛЕГ БЕСПАЛОВ, СҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:

– Ғабит Мүсірепов ауданының тұрғыны 4 бірдей сібір елігін заңсыз атып алған. Осы ісі үшін ол 4 млн теңгеден астам айыппұл төледі. Сонымен қатар, 3 жылға бас бостандығы шектелді. Мұндайға іргедегі Қызылжар ауданының тұрғыны да жол берді. Ол наурыз айында қанжығасын 1 елікпен майлаған. 1 еліктің өтеуі – 1 млн 293 мың 750 теңге.

Қоршаған ортаға құрметпен қарайтын аңшылардың құлағына алтын сырға! Қарашаның 1-і мен ақпанның 15-і аралығында түлкі мен қоянға “құрық” салуға болады. Ал тұяқты жануаларды 31-ші желтоқсанға дейін қанжығаға байлай аласыз. Ескерер жайт, дала аралайтын адамдар өздерімен бірге аң мен қаруға рұқсат қағазын, жолдамасын және аңшы екенін растайтын құжатын алып жүрулері керек.

 

Байболат Құлтанов