Қоғам

Мектеп қабырғасында аналар форумы өтті

Петропавл қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінде “Ата-аналар университеті” жобасының аясында “Бала бақыты-ана бақыты” атты аналар форумы өтті. Жиналған 100-ден астам нәзікжанды бала тәрбиесінің өзекті мәселелерін талқылауға және мектептің тыныс-тіршілігімен танысуға мүмкіндік алды.

Форум сахналық қойылыммен басталды. Спектакльде оқушылар асыл ананың өмірдегі орнын айшықтап көрсетіп, жиналғандардың жүрегін тебірентті. Кейін аналар шараға арнайы шақырылған сала өкілдерімен бала тәрбиелеудің бірқатар мәселелерін талқылады.

СӘУЛЕ МҰҚАНОВА, Химия-биология бағытындағы НЗМ директорының орынбасары:

– Алғаш рет “Ата-аналар университеті” жобасының аясында аналар форумын ұйымдастырдық. Бұл форум тәрбиенің маңызды мәселелерін талқылауға, сонымен қатар, біздің білім беру қауымдастығымызбен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді. Бұл іс-шара оқушылардың табысты дамуындағы мектеп пен отбасының өзара іс-қимылының маңыздылығын атап өтті.

Форумның екінші бөлімі тіптен ерекше. Қатысушылар қолданбалы өнер, киіз басу, сабын жасау, қыш өнері мен визаж сабақтарына қатысты. Үлгілі ана Дана Ғизатова шарадан алған әсерімен бөлісті.

ДАНА ҒИЗАТОВА:

– Маған форум өте ұнады. Бар бағдарлама жан-жақты ойластырылған, біз балаларды тәрбиелеудің маңызды тақырыптарын қозғап қана қоймай, өзіміздің шығармашылық қабілеттерімізді байқадық. Кескіндеме бойынша шеберлік сыныбының арқасында мен өзімнің алғашқы суретімді салып көрдім.

Форум соңында ата-аналар барынша белсенділік танытқандары үшін алғыс хаттармен марапатталды. Ал мектеп басшылығы мұндай форумды дәстүрлі шараға айналдыруды жоспарлап отыр.

 

Ақжүніс Мұқатай