Денсаулық сақтау

Қызылша жұқтырғандардың саны 82-ге жетті

Өңірде қызылша ауруы белең алып барады. Облыс бойынша өткен аптада індет жұқтырғандардың саны 75 болса, қазір 82 адамнан расталып отыр. Дені – петропавлдықтар. Желтоқсан айы басталғалы 12 адам дертке шалдыққан. Ақ халаттылар ауру ушықпас үшін вакцина алу қажет дейді. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев 3-ші қалалық емханаға 6 жасар қызына екпе салуға келіпті.

ӘСЕТ ЖҰМАТАЕВ, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– Қызымды әкеліп отырмын. Осы қараша айында 6 жасқа толған болатын. ҚР егу күнтізбесіне сәйкес 6 жастағы балалар қызылша, қызамық, паратитке қарсы екпе алады. Бүгін 2 вакцина алды.

Ауру әсіресе нәрестелер үшін қауіпті. Сондықтан, 6 айлық балаларға қосымша вакцина беріледі. Облыста қазірдің өзінде 3 мыңнан астам бала екпе алған. Айта кетейік, доза Үндістан елінен жеткізіледі.

ӘСЕТ ЖҰМАТАЕВ, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– Адам бұрын ауырмаған, вакцина алмаған болса зертханалық жағдайы дәлелденген адаммен байланысса 90 пайыз қызылшаны жұқтыруы мүмкін. Яғни, 10 адам науқаспен байланысса, оның 9-ы ауруы ықтимал.

Сондай-ақ, Ұлттық ұлан академиясында қызылша жұқтырудың 29 жағдайы тіркелді.

 

Гүлден Сембаева