Жуырда Мәскеуде киокушинкай каратеден қыздар арасында екінші халықаралық турнир өтті. Бәсі биік додаға Қазақстан, Ресей мен Беларусь және өзге елдерден 300-ге жуық спортшы қатысыпты. Оның ішіндегі 23 жас солтүстіктің намысын қорғап қайтты. 6-дан 18 жасқа дейінгі ұл-қыздар қатысқан додадан теріскейліктер 1 алтын, 1 қола мен 6 күміс медаль әкелген.
ВЛАДИМИР ВИТЧЕНКО, Бүкілқазақстандық киокушинкай карате ұйымы облыстық филиалының директоры:
– Бұл турнир енді ғана кеңейіп келе жатыр. Болашағы зор. Осы ретте жергілікті филиал қарқынды даму үстінде. Каратемен қазір 2 мыңға жуық бала шұғылданады. Балалар да, ересектер де айналысады.
11 жастағы Дарье Витченконың каратемен айналысып келе жатқанына 7 жылдың көлемі болған. Халықаралық әйелдер арасындағы турнирден 2-ші орынға қол жеткізіпті. Бұрымдының айтуынша карате тәртіпке баулиды.
ДАРЬЕ ВИТЧЕНКО:
– Екінші жекпе-жекте қарсыласымды нокаутқа жібердім. Мен үшін сайыс айтарлықтай қиын болды. Дегенмен, бар күшімді салып, күміс медальға ие болдым. Мен бұл спорт түріне ата-анамның қалауымен келген болатынмын. Таңдауыма еш өкінбеймін.
Ал Жібек Әлтекова жарыста ештеңе иеленбепті. Дегенмен, бұрымдының бұған ешқандай өкініші жоқ. Керісінше, дайындығымды пысықтай түсемін дейді.
ЖІБЕК ӘЛТЕКОВА:
– Мен каратемен 9 жасымнан бері айналысамын. 7 жылдың ішінде Жапония мен Беларусь сияқты елдерде болдым. Облыстық кезеңдегі түрлі жарыстарда бой көрсеттім. Осы жолғы турнирдегі қарсыласым мықты болды.
Спортшылардың демалатын ойлары да, уақыттары да жоқ. Жастар 16-шы желтоқсанда Алматы қаласында қыздар мен әйелдер арасында өтетін чемпионатқа қатыспақ.
Ақжүніс Мұқатай