Мәдениет

Ресейлік режиссерлердің қолдауымен қойылым қойылды

Бұл – Николай Погодин атындағы облыстық орыс драма театры актерлерінің қойылымы. Комедиялық жанрға негізделген спектакль үзіндісін ұжым небәрі 5 күннің ішінде дайындап шығарған. Себебін айта кетсек, осыдан 5 күн бұрын іргедегі Ресейдің Мәскеу қаласынан “Режиссерлік зертхана” атты жоба аясында білікті 3 режиссер келіпті.

КОНСТАНТИН ГОРИН, РФ Театр қайраткерлері одағы шетелдегі орыс театрын қолдау орталығының жетекшісі:

– Бұл – шетелдегі орыс театрларын қолдау мақсатында бастау алған жоба. Петропавлға дәл осындай сапармен 5-6 жыл бұрын келген болатынбыз. Осы шамалы күннің ішінде жергілікті актерлермен тығыз жұмыс істедік. Негізі, қойылым қоюға 1 айдың өзі аздық етіп жатады. Ал біз 5 күннің ішінде 3 бірдей үзінді әзірлеп шығардық.

Қыз-жігіттердің қоятын әр қойылымы 40 минуттан тұрады. Әрқайсысынан кейін ресейлік режиссерлер келген көрермен және сахна жұлдыздарымен талқылау жиынын өткізеді. Артық-кем тұстарын әңгімелейді. Тимур Кәрімжанов – Николай Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының қоюшы-режиссері. Білікті маман ұжымның осы жылы қол жеткізген жетістіктерін жіпке тізді.

ТИМУР КӘРІМЖАНОВ, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының қоюшы-режиссері:

– Биыл біз үшін сәтті өтті. Қазан мен қараша айларында жұмыс өте қызу әрі қарқынды жүрді. Осыдан бірнеше апта бұрын ғана Рязань қаласында өткен халықаралық фестивальге қатысып келдік. Енді міне ресейлік мамандармен жұмыс істеудеміз. Бүгін актерлер “Заманауи комедия” тақырыбында дайындаған спектакль үзінділерін көрерменге ұсынады. Жоғары бағаға ие болады деген сенімдемін.

Жобаның қорытындысы бойынша өнер ұжымының дайындаған 3 қойылымның жүрекке жаққан 1-еуі таңдалып алынады. Кейін ол өңделіп, келесі жылы халыққа толыққанды қойылым ретінде ұсынылады.

 

Ақжүніс Мұқатай