СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтарҚоғам

Петропавлда 600 отбасы баспаналы болды

Ақ түйенің қарны жарылды! “Береке” шағын ауданында жалдамалы-коммуналдық 6 бірдей көпқабатты үй тапсырылды. Осылайша, 600 отбасы көптен күткен армандарына қол жеткізді. Жиналғандарды айтулы күнмен аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Тұрғындарға баспана қолжетімді болу керек. Бұл – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаеавтың тапсырмасы. Облыста бұл бағытта кешенді жұмыстар атқарылуда. Қымбатты жерлестер, қоныстой баршаңызға құтты болсын!

Салтанатты сәт! Пәтер кілттері көпбалалы отбасыларға, жетімдерге, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға және толық емес жанұяларға тапсырылды. Жүздері бал-бұл жайнаған тұрғындар алғыс жаудырды.

АЛЕКСАНДРА ИОРЖ, көпбалалы ана:

– Біздер асыға күткен ең қуанышты күнге де жеттік. Мен – жеті баланың анасымын. Пәтер кезегінде 14-ші жылдан бері тұрдым. Ұзақ уақыт пәтер жалдадық. Осындай шаттық сыйлаған жандарға алғысымды білдіремін.

Даладағы шара аяқталғасын облыс әкімі баспаналы болған жерлестеріміздің пәтерлерінде болып, жасалған жағдаймен танысты.

Вероника Иванова – балалар үйінің тәрбиеленушісі. Пәтеріне енді бой үйретіп жатқан бойжеткен “әлі сенер-сенбесімді білмеймін” дейді.

ВЕРОНИКА ИВАНОВА:

– Кезекке 2009-шы жылы тұрдым. Содан 14 жыл өтіпті. Жақында хабарласып, сүйінші хабар жеткізді. Таң қалдым. Енді өзімдің пәтерім бар. Қуаныштымын. Алдағы уақытта ішін жөндеп, жайнатып қоямын.

Көпке мәлім, “Берекедегі” бұл үйлер әлеуметтік жауапкершілігі төмен мердігерге байланысты уақытында тапсырылмады. Алайда, күдікке себеп жоқ. Қала әкімі сапа тұрғысында қам жемеуді сұрайды. Оның үстіне, құрылыс компаниясының 2 жылдық кепілдік кезеңі бар. Аумақты абаттандыру және балалар алаңқайын тұрғызу ісімен шаһар билігі келер жылы айналыспақ.

 

Байболат Құлтанов