ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» алаңында аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов брифинг өткізді. Алдымен еліміздің басты баспасөз алаңында атқарылған және атқарылатын жұмыс бойынша баяндама оқылды. Аққайыңдар өлкесі біртіндеп аграрлы-индустриалды облысқа айналып келеді. Бұл тұрғыда Қасым-Жомарт Тоқаевтың да тапсырмасы барын айту керек.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Президенттің ет, сүт және астықты терең өңдеу, жылыжайларды салу жөніндегі тапсырмасын орындау үшін облыста инвестиция көлемі 80 млрд теңгеден асатын 27 жоба іске асуда. Оның ішінде құс фабрикалары, қой фермалары, көкөніс қоймасы, жылыжайлар және суару бар. Осының арқасында, өңір халқының құс етіне, маусымаралық кезеңде көкөністерге қажеттілігі 100 пайызға қамтамасыз етіледі, қосымша сүт өндірісі ұлғаяды.
Облыс орталығы заманауи ғимараттармен көркейіп келеді. Әлі де құлпыра түспек. Аймақ басшысы баяндама барысында жоспардағы ілкімді жобаларды тілге тиек етті. Болашақта Петропавлда үстел теннисі мен мұз сарайы салынбақ.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Облыста 5 спорт кешені, 4 жабық хоккей корты мен жаттығу залы бар бассейн салынуда. Олимпиадалық резервтегі интернат колледжі үшін жатақхананың құрылысы аяқталуға жақын. «Қарасай» стадионын қайта жаңғырту жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталды. Келесі жылы екінші кезеңі басталады. Петропавлда үстел теннисі орталығының құрылысын бастап, мұз сарайын салуды жоспарлап отырмыз.
Баяндама оқылғасын кезек сұрақ-жауап сессиясына келді. Ғауез Торсанұлына өз сауалын қою үшін жан-жақтан 40 журналист жазылыпты. Тілшілер тікелей эфирде әртүрлі салаға тоқталды. Бірі жерін жылдап даулап жүрген Шал ақын ауданындағы Балуан ауылы тұрғындарының базынасын көтерді.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Балуан ауылының тұрғындарын осы аптада қабылдаймын. Ақылдасамыз, жұмыс жүргіземіз.
Тілшілер Петропавл 2-ЖЭО-дағы ахуалды жақсы біледі. Мұнда жалпы биіктігі 180 метр болатын жаңа мұржаның құрылысы басталған еді. Алайда, маңызды жұмыс кестесіне өзгеріс енгізілді. Себебі бұқараға белгілі. Нысанның 21-ші метрінде ауытқу анықталып, іс тоқтатылды, артынша бұзу жұмысы басталды. Мұржаға қатысты тың дерек ағымдағы аптада жария етілмек.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Желтоқсанның 8-і күні зертханалық қорытынды шығады. Соған сәйкес шешім қабылданады. Яғни, нысан не толық бұзылады немесе ауытқу анықталған жерден көтеріледі. Инвестордың ақшасы бар. 12 млрд теңге ақша бөлді.
Қуантарлық жайт, Петропавлда бала саны өсіп келеді. Тиісінше, кішкентай ұл-қыздарға балабақша керек. Бұл мәселені тікелей эфирге онлайн режимде қосылған тілшілердің бірі көтерді.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Петропавлда соңғы 7 жылдың ішінде балабақша тұрғызылмапты. Келешекте 2 мектепке дейінгі білім беру мекемесінің есігі ашылады. Біріншісі – 280, ал екіншісі 150 орынға шақталмақ. Қазір ғимараттардың бірі салынып жатыр. Жоспар бойынша қос нысан келесі жылы тапсырылады. Осының есебінен ұл-қыздарды балабақшамен қамту көрсеткіші 93-93,5 пайызға жетеді.
Диқандарға көмек, медициналық кадр тапшылығын жою, шекара маңындағы ауылдарға адамдарды қоныстандыру және өңірді газдандыру. 2 сағатқа созылған брифинг барысында осы және өзге де тақырыптарға қатысты сұрақтар қойылды. Аймақ басшысы әр сауалға жауап берді, жоспарды баяндады.
Байболат Құлтанов