Солтүстікқазақстандық полицейлер өңірде 10 күн бойы “Құқықтық тәртіп” жедел-алдын алу шарасын өткізді. Күн сайын патрульдеуге 250-ден астам тәртіп сақшысы мен әскери қызметшілер жұмылдырылды. Әр 5-ші шараға қоғам өкілдері қатысты.
Рейд барысында алкоголь ішудің немесе қоғамдық орында мас күйде жүрудің 465 фактісі анықталды. Құқық бұзушылар медициналық куәландырудан өткізіліп, қажет болған жағдайда уақытша бейімдеу және детоксикация бөлімшесіне жеткізілді. Қарсылық танытқандары
әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Әсемгүл Әлібаева, СҚО ПД ЖПҚБ аға инспекторы:
– Ойын-сауық мекемелері, сондай-ақ, азаматтардың жаппай жиналатын орындары бойынша рейдтік іс-шаралар жүйелі түрде жүргізілуде. Қабылданып отырған шаралардың арқасында ағымдағы жылдың 10 айы ішінде қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстардың саны 18%-ға, көше қылмыстарын 12%-ға төмендетуге қол жеткізілді.
Түнде ойын-сауық орындарында заңды өкілсіз жүрген жасөспірімдерге қатысты 6 факті анықталды. Ата-ана ретінде өз міндетін орындамаған 40-тан астам адам жауапкершілікке тартылды. Есепте тұрған 6 мыңға жуық тұлға тексеріліп, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 121 құқық бұзушылық тіркелді.